Абайдың нақыл сөздері жазылған стендті бүлдірген адам қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM - Астанада Абайдың нақыл сөздері жазылған стендті бүлдірген ер адам ұсталды, - деп жазды Polisia.kz.

 Абайдың нақыл сөздері жазылған стендті бүлдірген ер адам қамауға алынды
Фото: Polisia.kz

Елордада Сығанақ көшесіндегі аллеяда 49 жастағы ер адам конструкцияны сындырған және ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың нақыл сөздері жазылған плакатты жыртып тастаған. Ол өз әрекетімен қоғам мен мәдени құндылықтарға ашық түрде құрметсіздік танытып, көрнекті тарихи тұлғаның рухына нұқсан келтірді. Мұндай қадам қоғамда наразылық тудырып, мәдени мұра нышанын қорлау ретінде бағалануы мүмкін.

Аталған факт бойынша құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен ол 20 тәулікке қамауға алынды.

«Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында елордалық полиция вандализмнің алдын алуға және бөтен мүлікті қасақана бүлдіру фактілерінің жолын кесуге ерекше назар аударады.

Жыл басынан бері бөтен мүлікті қасақана бүлдіру бойынша 131 құқық бұзушылық тіркелген.

Полиция қоғамдық тәртіпті бұзып, мүлікті әдейі бүлдіруге бағытталған кез келген әрекет заң аясында қатаң түрде тоқтатылатынын ескертеді және азаматтарды қоғамдық мүлікке ұқыпты қарап, құқық бұзушылықтар туралы «102» арнасына дереу хабарлауға шақырады.

Бүтінді бүлдіріп, қиратып жүретін балалардың кейбірі өзіне назар аударғанын қалайды, кейбірінің өмірге өкпесі бар. Бұл балалардың ата-анасы Әкімшілік құқық бұзу кодексінің екі бабы бойынша жауапқа тартылады. Бала неге айналасына қырғидай тиеді? Вандализммен күресте кім жеңді? Осы жайлы материал жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар