Абдулла Арипов Өзбекстан үкіметінің басшысы болып қайта тағайындалды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев премьер-министр лауазымына қазіргі үкімет басшысы Абдулла Ариповтың кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Абдулла Арипов
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

«Үкімет өз қызметін түбегейлі өзгертіп, жаңа бағытта жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін мықты көшбасшы - премьер-министр керек», - деді Өзбекстан басшысы.

Мәлім болғандай, Шавкат Мирзиёев ойлана келе Абдулла Ариповты премьер-министр лауазымына ұсыну туралы шешім қабылдаған.

Өзбекстан
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Тиісінше, президенттің аталған ұсынысын Заң шығару палатасы мақұлдады.

Абдулла Арипов 1961 жылы 24 мамырда Ташкентте дүниеге келген. Ташкент электротехникалық байланыс институтын тәмамдаған.

Ол Өзбекстан үкіметін 2016 жылдан бері басқарып келеді. 2020 жылы осы лауазымға қайта бекітілді.

Еске салсақ, кеше Өзбекстан үкіметі отставкаға кетті. Бүгін Шавкат Мирзиёев жаңа премьер-министрдің кандидатурасын депутаттарға ұсынып жатыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан жеке куәлікпен өту тәртібі енгізілмек.