Абу-Дабиде Украина бойынша келіссөздер сенбі күні жалғасады
АСТАНА. KAZINFORM — Абу-Дабиде АҚШ, Украина және Ресей арасындағы үшжақты консультациялар жұма күні сессияны ресми мәлімдемесіз аяқтады, ал келіссөздер келесі күні жалғасады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Kyiv Post басылымының мәліметінше, украиналық делегация басшысының өкілі Рустем Умеров жұма күнігі талқылаулар аяқталғанын растады. Киев уақыты бойынша сағат 21:30-ға (Астана уақыты бойынша 00:30) ресми коммюнике жарияланбағанымен, кейбір хабарларда консультациялар сенбі күні қайта басталатыны айтылған.
Ақ үй өкілі NBC News телеарнасына Абу-Дабиде өткен үшжақты кездесудің өнімді болғанын және келіссөздердің жалғасатынын хабарлады. CNN телеарнасы да өз дерегіне сүйене отырып, талқылаулардың осылай өткені туралы ақпарат берді.
Ресей БАҚ-тары хабарлағандай, келіссөздер барысында буферлік аймақтар құру мәселесі және әртүрлі бақылау механизмдері қарастырылған.
TACC агенттігінің дерегінше, бұл аспектілер басқа тақырыптармен қатар талқыланған, бірақ келіссөздердің мазмұнына ресми растау жоқ.
Украина президенті Владимир Зеленский кешкі үндеуінде Киевтегі өкілдердің оған келіссөз барысы туралы сағат сайын есеп беріп отырғанын айтты. Оның сөзінше, талқылаулар қақтығысты тоқтату параметрлеріне шоғырланған, ал украиналық делегацияға нақты келіссөздік позиция шеңберлері берілген.
— Олар соғысты тоқтату параметрлері туралы сөйлесіп жатыр. Енді оларға Ресейден кем дегенде кейбір жауаптар болуы керек, ең бастысы — Ресей өзі бастаған соғысты тоқтатуға дайын ба, — деп жазды Владимир Зеленский.
Ол украиналық позиция өзгермегенін атап өтті, алайда келіссөздердің нәтижелері туралы қорытынды жасау әлі ерте екенін айтты, өйткені келіссөздер сенбіде жалғасады.
Эмират агенттігі WAM хабарлағандай, БАӘ президенті Мұхаммед бен Зайед әл-Нахайян АҚШ, Ресей және Украина делегациялары басшыларымен кездесу өткізді және оларға сәттілік тіледі.
Бұған дейін біз БАӘ астанасында Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер басталғанын хабарлаған болатынбыз.