Адам өліміне кінәлі учаскелік инспектордың көмекшісі болып шықты - Қызылорда облысы

Бұл туралы Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Анықтай келгенде, басынан дене жарақатын алып, жантәсілім еткен азамат 1978 жылы туған. Б.Ерназаров екені белгілі болды. Осыдан кейін аталған қылмыстық іс аудандық ішкі істер бөлімінде тіркелді. Оқиға орнына тексеру жүргізіліп, белгісіз автокөлік доңғалағының іздері алынды.
Сот-дәрігерлік сараптаманың алғашқы қорытындысы бойынша азамат Б.Ерназаровтың миы шайқалып, қан құйылуы, екі жақ қабырғаларының сынуы, ішкі ағзаларының жарақаттануы мен омыртқа сүйектерінің сынуы салдарынан көз жұмғаны анықталды.
Облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралардың нәтижесінде жол көлік оқиғасын жасаған адам да анықталды. Ол Сырдария АІІБ-нің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі полиция лейтенанты Ердос Мұхамеджан болып шықты.
Қазір күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.