Адам өлтіру, есірткі, орган саудасы: Қазақстанда шілде айында қандай қылмыстар жасалды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Ішкі істер министрлігі қылмыскерлерді ұстау және хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздестіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

қылмыс
Фото: Polisia.kz.

Министрліктің мәліметінше, шілде айының басынан бері іздеуде жүрген 67 адам ұсталды. Оның ішінде:

  • адам өлтіргені үшін – 2,

  • қарақшылық жасағаны үшін – 1,

  • қасақана ауыр дене жарақатын келтіргені үшін – 1,

  • тонау бойынша – 6,

  • бопсалау бойынша – 1,

  • ұрлық жасағаны үшін – 39,

  • есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты – 6 адам ұсталған.

Сонымен қатар, із-түзсіз жоғалған 190 азаматтың орналасқан жері анықталды.

- Жедел іс-шаралар аясында бірқатар халықаралық деңгейдегі қылмыскерлер де қолға түсті. Мәселен, Жамбыл облысының Шу ауданында есірткі сатқаны үшін мемлекетаралық іздеуде жүрген 50 жастағы азамат ұсталды. 2024 жылы оның үйінен бір тоннадан астам кептірілген марихуана мен бір килограмм гашиш тәркіленген болатын.

Молдова аумағында Қазақстан ІІМ-нің сұрауы бойынша халықаралық іздеуде жүрген Украина азаматы ұсталды. Ол Ұлытау облысында Telegram мессенджері арқылы синтетикалық есірткілер сатумен айналысқан деген күдікке ілінген. Заңсыз табысын криптовалюта биржасы арқылы заңдастырып, шетелге аударып отырған. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталып, оны экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр, - делінген ақпаратта.

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында Қырғызстан азаматы ұсталды. Ол – халықаралық қылмыстық топтың мүшесі және көрші елде қылмыстық ұйымды қаржыландырды деген күдікпен іздеуде болған.

Сондай-ақ Алматы қаласының әуежайында Қытай азаматы қолға түсті. Ол 2024 жылдың желтоқсанында Бахрейнде жеке үйге заңсыз кіріп, құны 535 629 АҚШ долларын құрайтын зергерлік бұйымдарды ұрлаған.

Қазақстан ІІМ-нің сұрауы бойынша Түркия құқық қорғау органдарымен бірлесіп Кайсери қаласында 40 жастағы Әзірбайжан азаматы ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол 2017 жылы Алматыда қылмыстық топ құрамында донорлық органды заңсыз алып сатуға қатысқан.

Министрлік азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын жалғастыратынын хабарлады.

Айта кетейік, жақында жасырын тоннель арқылы шекарадан жанармай өткізген халықаралық қылмыстық топ ұсталды.

Соңғы жаңалықтар