Адам саудасы тыйылар емес: жарты жылда 285 іс тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін — Дүниежүзілік адам саудасымен күрес күні. Елімізде жыл басынан бері адам саудасына қатысты 285 қылмыстық іс тіркелген. Оның 28-і кәмелет жасына толмаған балаларға байланысты.

Ал былтыр дәл осындай 445 іс қозғалған. Бұл — Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында көрсетілген мәлімет.
— Қылмыстық кодексте адам саудасына байланысты қылмыс үшін жауапкершілік 8-бапта көзделген (116-бап, 125-бап 3-бөлім 2-тармақ; 126-бап 3-бөлім 2-тармақ; 128, 134, 135, 308, 309). Осы баптар бойынша қылмыскердің мүлкі тәркіленеді, ең жоғарғы жаза — 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Мұндай жаза өте қатал және басқа ауыр қылмыс үшін көзделген жазамен сәйкес келеді, — дейді ІІМ мамандары Kazinform тілшісінің ресми сауалына берген жауабында.
Мамандар бұл қылмыс, ең алдымен қандай адамдарды нысанаға алатынын айтты.
— Тәжірибе көрсеткендей, халықтың әлеуметтік осал топтары: жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдар, жұмыссыздар, үйсіздер, мүмкіндігі шектеулі жандар, заңсыз мигранттар — адам саудасының жиі құрбанына айналады, — дейді олар.
Мұндай жағдайларға тап болуға ықпал ететін факторлар:
• ақпараттың жеткіліксіздігі
• құқықтық сауаттылықтың төмендігі
• арзан жұмыс күшіне сұраныс
• интернеттің әсері
• жеңіл ақша табуға және «әдемі өмір сүруге» ұмтылу
• сондай-ақ шетелдіктердің заңсыз мәртебесі және басқа да себептер.
Адам саудасының құрбандарына мемлекеттік бюджет есебінен көмек көрсетіледі.
— Зардап шеккендерге 8 түрлі қызмет ұсынылады: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық көмек. Осындай қызметтер қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағанына қарамастан көрсетіледі. Бұдан бөлек, адам саудасының құрбаны азаматтық заңнама шеңберінде материалдық және моральдық зиянды өтеуді талап етуге құқылы. Бұл туралы оны сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатқан тұлға міндетті түрде хабардар етеді, — делінген жауапта.
Айта кетейік, бірер күн бұрын ІІМ адам саудасына қатысы бар екі қылмыстық топты ұстады.