Адам өзін қауіпсіз сезіне алса, ол — құқықтық мемлекеттің игілігі
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Адам үйінен тысқары жерде өзін қауіпсіз сезіне алса, ол елде құқықтық тәртіп орныққан дегенді білдірсе керек. Отандық полиция шебінде он жылдан астам қызмет атқарып келе жатқан Азамат Күркебаев өзінің миссиясына адал қарайтын азаматтың бірі.

Былай қарасаңыз, полицияның міндеті көп, шаруасы шаш-етектен. Учаскелік полициядан бастап, кеңседе отыратын бастықтарының өзі үнемі шапқылап жүреді. Әсіресе жергілікті полиция қызметінің жұмысы күрделі. Қоғам мен жол қауіпсіздігіне қатысты барлық профилактикалық іс-шара, оқиғалар мен қылмыстық істерге жауапты. Ертіс-Баян өңіріндегі осы бір толассыз тірлікті ұйымдастырып, үйлестіру облыстық жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Азамат Күркебаевтың еншісінде. Еңбек жолы қатардағы учаскелік полицейден басталған тәртіп сақшысы алғырлығы, қызметіне деген адалдығының нәтижесінде бүгінде бүтін бір облыстың қоғамдық тәртібін қадағалап отыр.

— Әр полицейдің міндеті — антына адал болу, Отанына қызмет ету. Әдетте қатардағы полицейлердің қызметі шым-шытырыққа толы. Себебі бұл жерде жұртпен етене жұмыс істейсің. Сонысымен де қызық. Қауіпті құбылыстардың, ықтимал қылмыстардың алдын алуға ұмтыласың. Былайғы көпшілік біле бермес, қоғамда тәртіп сақшыларының қатысуымен күніне жүздеген қылмыстың алды алынады. Елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыс, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғаларының өсуі сияқты мәселелер үдеп тұрғаны шындық. Бірақ мұның барлығы заманауи өркениетті елдердің барлығына тән құбылыс екенін ұмытпауымыз керек. Қоғам тәртібін қадағалау, қылмыстың алдын алу, жұртты заңға бағынуға үйрету күн тәртібінен түспейді, — дейді ол.
«Әкеге қарап ұл өсер» демекші, Азамат Маратжанұлы жақсы әкенің тәлімін алған жан. Ата-анасы балаларының барлығын оқытып, адал еңбекке үйреткенін, ал полицей мамандығын таңдауына нағашы жұртында бұрын ішкі істер саласының қызметкерлері болғаны себепкер екенін жеткізді. Әкесі үйде тәртіпті үнемі алға қойғаннан ба, ұлы кішкентайынан тәртіпсүйгіш болып жетілген. Өсе келе мамандыққа адал болудың негізгі факторы да тәртіпке бағыну екенін ұққандай.
— Полицейлер — тәртіптің эталоны болуы керек. Бұл қағида ғана емес, адамның ішкі жан-дүниесімен байланысып жататын ой-өріс. Іші істер саласында еңбек етіп жүрген азаматтар психологиялық тұрғыдан мығым болмаса, ұзаққа шыдамайды, толассыз тірліктен «күйіп кетеді». Оған талай мәрте куә болдық. Ал жылдар бойы жинаған тәжірибе бізді дамытып қана қоймайды, жұртпен жұмыс істеуде жаңашылдықтар енгізуге түрткі болады. Павлодар облысы — еліміздегі ең қауіпсіз өңірдің бірі деп мақтанышпен айтуға лайықты. Көпшілік тәуліктің кез келген уақытында Ертіс өзені жағасында, көшелер мен саябақтарда емін-еркін серуендеп, өзін қауіпсіз сезіне алады. Мұндай қауіпсіз атмосфераны ұстап тұруға полицейлер күн сайын тынымсыз еңбек етіп жүр. Негізі барлығы алдын алу, яғни профилактикалық іс-шаралардан басталатынын ұмытпауымыз да керек. Бұл бағытқа біздің облыста баса мән беріледі, — деп әңгімесін жалғай түсті.

Азамат Күркебаев Екібастұзда учаскелік полицей, взвод, рота командирі болып еңбек етіп жүрген шағында алғы қатардағы қызметкерлердің бірі болғанын да атап өтпеске болмас. Әсіресе, көшеде мейірбике әйелдің қолсөмкесін ұрлап қашқан тонаушыны 10 минут ішінде ұстап, қылмысты ізін суытпай ашқаны туралы ақпарат бір жылдары әлеуметтік желіде танымал болған. Жол қауіпсіздігіне қауіп төндірген мас жүргізушілердің талайын құрықтап, балконнан секіргелі тұрған азаматтарды құтқарып қалды.

Сөз соңында Ішкі істер министрлігі жергілікті полиция қызметі мен әкімшілік полиция басқармасын қайта ұйымдастырып, олардың базасында екі жаңа басқарма — құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармаларын құрғалы отырғанын оң бастама ретінде қолдайтынын жеткізді.
— Адамдар ережелерді сақтап, тәртіпке бағынса, көлік жүргізушілері қауіпсіздік белбеуін тағып, жылдамдықты асырмаса тәртіптің сақталуы деген сол, яғни, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қоғамдағы тәртіптік сананы күшейтуге мән беруіміз керек. Алдын алу іс-шараларының маңызы да соған саяды. Адам кез келген ортада өзін қауіпсіз сезіне алса, ол — құқықтық мемлекеттің игілігі, — деп тәмамдады сөзін.
Азамат Маратжанұлы бүгінде зайыбы екеуі отбасында бір ұл, бір қыз бала тәрбиелеп отыр.
Айта кетейік, бүгін — полиция күні. Азаматтардың қауіпсіздігін күзеткен жандардың еңбегі ерен. Kazinform агенттігі тәртіп сақшыларының күнделікті қызметіне шолу жасаған еді.