Адамдар әдетте туыстарының шизофрениямен ауыратынын жасырады — психиатр-дәрігер
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында 1,7 мың адамға «шизофрения» диагнозы қойылған, араларында балалар да бар. СҚО-дағы Психикалық денсаулық орталығының психиатр-дәрігері Ақат Байқабеков психикалық бұзылыс жайында айтып, Kazinform тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

— Психикалық денсаулық орталығы өңірдегі осындай жалғыз емдеу мекемесі ме?
— 2018 жылы Психоневрологиялық диспансер Психикалық денсаулық орталығы болып құрылды. Бір жылдан кейін Петропавлдағы төрт емханада психикалық денсаулықтың бастапқы орталықтары және психикалық денсаулық кабинеті ашылды. Мұнда психиатр-наркологтар, психологтар, психотерапевтер және әлеуметтік қызметкерлер тұрғындарға мамандандырылған көмек береді. Ал облыстық Психикалық денсаулық орталығында ересектерге де, балаларға да көмек көрсетіледі. Орталықта консультациялық-диагностикалық, стационарлық көмек; жедел медициналық көмек; еңбекке уақытша жарамсыздық және кәсіби жарамдылық сараптамасы; зертханалық диагностика, физиотерапия, функционалдық диагностика бар. Орталықта 450-ге жуық адам еңбек етеді, оның 28-і — дәрігер.
— Орталық неше адамға шақталған? Соның ішінде шизофрения диагнозымен жатқандар қанша?
— Стационар 380 орынға шақталған, оның ішінде 150-і психиатриялық ауруы барларға арналған. Соның 130-ы ересектер, 20-сы балалар мен жасөспірімдер үшін. Қазіргі уақытта мұнда 110-нан астам сырқат ем алып жатыр. Соның 43-іне «шизофрения» диагнозы қойылған. Былтыр осы дертпен 10 мен 19 жас аралығындағы бес жасөспірім динамикалық бақылауда болды.
— Шизофрения қандай ауру, емделеді ме? Бұл ауру не себепті пайда болады?
— Шизофрения диагнозын қою үшін аурулар мен денсаулыққа байланысты проблемалардың халықаралық статистикалық жіктемесі-10 бойынша белгілердің кем дегенде біреуі байқалуы керек, ол негізінен ой бұзылысы — «ой жаңғырығы» (өз ойларының дыбысын есту), ойлардың ашықтығы. Шизофренияға арналған арнайы талдаулар жоқ. Дәрігерлер диагнозды жақындарының сөздеріне сүйеніп, адамның ауытқуларына қарап және түрлі тесттер мен сұхбаттар негізінде қояды. Сырқат шынайыны адам қиялдан ажырата алмай қалады. Сандырақ, галлюцинация, еліру, мелшию. Бұдан бөлек апатия, сөйлеудің нашарлауы, агрессия, ақылға сыймайтын идеяларды айтып, оғаш қылық көрсету сияқты белгілері бар. Жалпы бұл — созылмалы ауру. Шизофрения адамның эмоционалдық жағдайын, өзін-өзі ұстауын және қабілетін бұзады. Өкінішке қарай толық емделмейді, науқас өле-өлгенше ем алуы қажет. Дерт белгісі енді байқала бастағанда ем қабылдаудың маңызы зор, бұл асқынудың алдын алып, ауруды бақылауда ұстауға және науқастың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Аурудың пайда болу себептері нақты анықталмаған. Шизофрения ата-анадан балаға тұқымқуалау арқылы берілуі мүмкін. Сондай-ақ әртүрлі жағдайдың, түрлі аурулардың адам психикасына әсер етуіне байланысты да пайда болады. Балалық шақтағы вирустық инфекциямен ауыру немесе туу кезіндегі жарақаттар, мидың дұрыс жетілмеуі. Шизофренияның пайда болуына күшті стресс те себеп болуы мүмкін деп есептеледі. Ауру да кейде ұзақ, кейде ұстамалы түрде өтеді.
— Науқастардан қоғамға қауіп бар ма?
— Жалпы психикалық аурулармен ауыратын адамдарды әдетте қауіпті деп есептейді. Шындығында, шизофрениямен ауыратындардың көпшілігі зорлық-зомбылыққа бейім емес, олардың көпшілігі әдетте өмірге қызығушылықты жоғалтып, жалғыздық пен тыныштықты қалайды. Мұндай науқастар көбіне өзін-өзі өлтіріп, өмірден ерте кетеді.
— Бұл диагнозбен қалыпты өмір сүру мүмкін бе?
— Шындығында, шизофренияның көптеген түрімен қалыпты өмір сүруге болады. Мұндай дерті бар науқастар тұрмыс құрады немесе үйленеді, басқалармен достық қарым-қатынаста болып, жұмыс істеуі мүмкін. Әрине, шизофрения ауруы ағымының түрлеріне байланысты. Кей түрі жиі өршіп, ұстамалар болады, бұл белгілі бір шектеулерге әкелуі мүмкін. Алайда, диагноз қойылды екен деп өмірден түңілудің қажеті жоқ — көптеген мәселенің шешімі бар, сізге ем алудың дұрыс тәсілін табу керек, уақытында психиатрға, психологқа және тіркелген жердегі әлеуметтанушыға көріну қажет.

— Шизофрения диагнозы қойылғандардың барлығы орталықта жатып ем алуы керек пе? Қандай жағдайда олар үйлеріне жіберіледі?
— Шизофрения диагнозы қойылған науқастар стационарлық емдеуден кейін үйге жіберіледі, яғни клиникадан шығару кезінде науқастың жалпы психотикалық фоны қалыпқа келтірілген, стационарға түскенге дейін болған барлық белгі, синдромдар азайып, көңіл-күй деңгейі қалыпты, тыныш, науқастармен қарым-қатынасы түзелуі тиіс. Ол үй шаруасына қызығушылық танытады, өзін күтім жасауға қабілетті, гигиеналық талаптарды орындайды, жүрген жерін, уақытты анықтай алады, түнгі ұйқысы да қалпына келген.
— Жалпы СҚО бойынша осы диагнозбен қанша адам есепте тұр? Көбейіп келеді ме немесе керісінше азайған ба? Былтыр қанша адамға шизофрения диагнозы қойылды?
— Есепте тұрған науқастар саны азайды. 2023 жылдың соңында 1755 пациент бақылауда болды. Олардың 14-іне бұл диагноз алғаш рет қойылды. Өткен жылдың соңында диспансерлік есепте 1732 адам болды. Былтыр 6 адамда дерт анықталды.

— Туыстарына осындай диагноз қойылған жағдайда нені білу керек?
— Психикалық ауру, кез келген басқа созылмалы ауру сияқты, отбасындағы дағдарысқа себеп болуы мүмкін. Отбасы мүшесінің ауруы науқаста, оның туыстарында да белгісіздік, дәрменсіздік, қорқыныш сезімдерін айтпағанда күнделікті тұрмыс-салтты қайта қарап, шектеулер енгізуді және ерекше режимді сақтауды талап етеді, жағымды әдеттерден бас тартуға, болашаққа жоспарды өзгертуге мәжбүр етеді. Науқас адамның туыстарына жақын адамдарының болашағы үшін жауапкершілік жүктеледі.
Психикалық ауруға шалдыққан адамдар мен олардың туыстары жиі әлеуметтік оқшауланады. Бұл отбасының әлеуметтік ортамен байланысының төмендеуіне әкеліп, өмір сүру сапасын төмендететін маңызды факторлардың бірі. Көпшілігі отбасында психикалық науқас адамның болу фактісін жасырады, олар туысының ауруы туралы ешкімге айтқысы келмейді.
Психикалық науқастардың туыстарына мәселені жеңілдету үшін жақын адамының ауруы, емдеу әдістері, психиатриялық және әлеуметтік көмекті ұйымдастыру жүйесі, көмек түрлері туралы ақпарат қажет. Психиатриялық білім — туыстары мен пациенттердің өздерін ақпараттық және әлеуметтік-психологиялық қолдаудың бір түрі. Бұл жақын адамның ауруын түсінуге және онымен күресуге көмектесуге негіз болады. Жалпы қосымша ақпарат алу үшін, емханалардағы психиатр-наркологтардың көмегіне жүгінуге болады. Сондай-ақ Психикалық денсаулық орталығының сенім телефоны бар, оған 8 7152 34 05 00, 8 771 029 28 99 телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады.
Естеріңізге салайық, Қазақстанда шизофрения туралы қазақ тілінде «Шизофренияның жалпы күйі: жақындарыңызға арналған кітап» атты кітаптың тұсауы кесілді.