Адамдар әлеуметтік желілер арқылы көп алданады - полиция

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Адамдар әлеуметтік желілер арқылы көп алданып қалады. Бұл туралы № 2 қалалық полиция бөлімінің анықтаушысы Ардақ Мұхамбетова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Адамдар әлеуметтік желілер арқылы көп алданады - полиция

Анықтаушылардың міндетіне аса ауыр емес және ауырлығы орташа істерді тергеу кіреді. Негізінен ұрлық, бұзақылық, алаяқтық, денсаулыққа жеңіл жарақат келтіру секілді қылмыстарды ашу анықтаушының құзырында. Осы санаттағы қылмыстар бойынша анықтаушылар сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдарын жүргізеді. Анықтаушылар үшін істің анық-қанығын анықтауда қиындық тудыратын қылмыстық істер де бар. Қазіргі кезде интернет желісіндегі алаяқтық көбейді. Замануи технологиялардың көмегімен жасалатын қылмыстық істерді тергеуде де біраз кедергі бар.

«Біз қазір Е-қылмыстық істер жобасын енгізіп жатырмыз. Біріншіден, уақыт үнемдейді. Екіншіден, бәрі ашық болады. Анықтаушы бірнеше қылмыстық істі тергеумен айналысады. Әрбір істің артында адам тағдыры тұрады.Біз қылмыстық істі аяғына дейін тергеп, істі сотқа дейінгі бірыңғай реестрге тіркейміз. Соңғы уақытта интернет-алаяқтық белең алып келеді. Адамдар әлеуметтік желілерді алаяқтықтың алаңына айналдырып алып жатыр. Осы әлеуметтік желіде техника, тон, қосалқы бөлшектер, киім-кешектер сататын фейк аккаунттар көп. Олардың әрекет ету схемасы белгілі. Сатып алушыдан алдын ала ақша аударуын сұрайды, кейін алдап кетеді. Мұндай фактілер соңғы кездері жиілеген. Біз интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Соған қарамастан тексерілмеген интернет дүкендердің қызметіне жүгінетіндер көп», - деді № 2 қалалық полиция бөлімінің анықтаушысы Ардақ Мұхамбетова.

Оның анықтаушы қызметке келгеніне біл жыл болды. Мамандығын терең меңгере түскен полиция қызметкері психологияны да үйреніп алған.

«Мәселен, жас жігіт құмар ойынға әуестеніп, бәс тіккен. Ажарлы, өзіне сенімді жігіт қыздармен оңай танысып, »ұнатамын« деп алдап, сенімдеріне кіріп, кейін қымбат заттарын, алтын бұйымдарын, үйлеріндегі бағалы заттарын алып, оны ломбардка өткізіп, түскен ақшаны ойынға салып отырған. Сол жігітке үш бойжеткеннен шағым түсті. Шығындарын өтегесін, кешірім берді. Бірақ осындай алаяқ жігіттерге алданып қалмау үшін бойжеткендердің сезім жетегінде кетпей, танысқан адамның сырын біліп алғандары жөн деп ойлаймын. Қазір көбінесе мобильді қосымшадағы такси қызметіне хабарласып, дүкеннен азық-түлік алдарып және »үйге келген соң берем« деп алдап, киви әмиянға ақша салдыртып, алдап кететін алаяқтар көбейген. Сонымен қатар »пәтер жөндейміз« деп тапсырыс берушіден ақшасын алдын ала алып, жұмысты талапқа сай жасамайтындар да кездеседі. Әрине анықтаушы болғасын өмірдегі түрлі тағдырлар мен құқықбұзушылықтарды көресің», - деді анықтаушы.

Ардақ Мұхамбетова еңбек жолын жасөсіпірімдер ісі жөніндегі мектеп инспекторы болып бастап, бір жылдан соң анықтаушы қызметінге ауысты. Ол өз мамандығын жақсы көреді. Әрі әділ шешім қабылдай білу, адамдарға көмектесу ең басты парызым деп санайды.