Адамдар қарапайым істер бойынша шешімді айлап күтпеуі керек - ҚР Президенті

«Заңдылық пен құқықтық тәртіптің бұзылуы туралы халықтың Президент Әкімшілігіне арыз-шағымы азаймай тұр. Сотқа дейінгі сатыда нақты жарыспалылық жоқ. Қорғаушылар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігі жеткіліксіз. Айқын әрі болмашы бұзушылықтар жөніндегі рәсімдерді мейлінше жеңілдету қажет. Адамдар қарапайым істер бойынша шешімді айлап күтпеуі керек. Сот және құқық қорғау органдарының шешімдері жинақы әрі адамдарға түсінікті болуға тиіс», - деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жергілікті полиция қызметіне тоқталып, шұғыл жағдайларда оларды басқарудың және әрекет ету жеделдігінің төмендемеуіне жол бермеу қажеттігіне тоқталды.
«Жергілікті полиция ішкі істер органдарының біртұтас жүйесінде болған және солай болып қала береді. Алайда, әкім полиция алдына жергілікті маңызы бар құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде міндеттер қоюға құқылы», - деді Елбасы.
Кеңеске Премьер-Министр Б.Сағынтаев, Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин, Президент Әкімшілігінің басшысы Ә.Жақсыбеков, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар жетекшілері қатысты.
Кеңес барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Т.Донақов, Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары М.Тәжин, Сенат төрағасының орынбасары Б.Бекназаров баяндама жасады.