Адамдар мұқтаждықтан қайыр сұрай ма, әлде қанға сіңген әдет пе

а
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Елімізде қайыр сұрап, алақан жаюға болмайды. Қоғамдық орында полиция ұстаса айыппұл салады. Тағы қайталанса айыппұл еселенеді. Бірақ сонда да базар, сауда орындары мен мешіт алдында алақан жайып отырғандар бар. Kazinform тілшісі тілдесіп, үйіне де барып көрді. Олар мұқтаж ба әлде мұны әдетке айналдырған ба?

Жәрдемақым күнкөріске жетпейді — Ақансері Әлқуатов

Ақтөбе қаласы Орталық базар аялдамасындағы дүңгіршек маңында отыратын Ақансері Әлқуатовты қазір көпшілік таниды. Жанында тұрған жарты сағат уақытта әрі-бері өткен адамдар қолын беріп амандасып, жағдайын да сұрап жатты. ІІ топ мүгедегі де мұны жасырмайды. Себебі осы маңда отырғанына 5 жылға жуық уақыт өткен.

— Таңертең 7:30–да шығамын. Содан кешке дейін отырамын. Түскі асты осында отырып ішемін. Азаматтық некедегі әйелім бір мекемеде еден жуушы болып жұмыс істейді. Ол жұмысқа барарда мен де ере шығамын. Ал кешке бірге үйге барамыз. Үй дегеніміз –жалдамалы бір бөлме. Айына 50 мың теңге төлеймін. Сонымен бірге үйге түрлі техника алдым. Соған айына 72 мың теңге несие төлеймін. Оған теледидар, тоңазытқыш, кір жуу машинасын алдым. Өзімнің мүгедектік жәмдемақым 79 мың теңге. Оған ештеңе алуға келмейді, — деді Ақансері Әлқуатов.

қайыр сұрау
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ол Ақтөбе облысы Байғанин ауданында өмірге келген. Кейін Ақтөбе қаласындағы мектеп-интернатта білім алды. Одан соң әскери борышын өтеп, елге оралған соң түрлі жұмыс істеді. Жол-көлік апатына түспес бұрын Ресейден көлік тасымалдап, кәсіп қылған.

Жол апатынан түскен соң бір жыл бойы төсекке таңылып, оған ІІ топ мүгедектігі берілді. Үй-күйі жоқ адамдар орналасатын орталыққа жіберіліп, кейін қарттар мен мүгедектер мекендейтін әлеуметтік қызмет көрсету орталығына орналасты. Онда бірер жыл тұрақтап, 2020 жылы пәтер жалдап кетті.

пәтер
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қазір жанында азаматтық некедегі әйелі бар. Екеуі базар маңындағы бір бөлмені жалдап тұрады. Шамамен 16 шаршы метр болатын бір бөлменің іші ас үй, жатын бөлме. Әжетханасы мен қол жуатын орнының ауданы бір шаршы метрге де жетпейді.

Осы жерде тұрып жатқан Ақансері Әлқуатов денсаулығы сыр бергенін айтып, ересектерге арналған жөргектер мен тегін дәрі, денсаулығын нықтау үшін емдеу орнына жолдама сұрады.

қайыршы
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Бауырларым жоқ емес, бар. Бірақ әрқайсысының өз отбасы, өз өмірі бөлек. Әке-шешем жоқ, туыстарыммен байланысым да әлсіз. Қазір денсаулығым сыр берген. Бүйрегім ауырады, асқазаным ас қорытпайды. Сондықтан ересектерге арналған жөргек пайдаланамын. Қымбат болса да денсаулығым үшін дәрі-дәрмек сатып аламын. Маған тегін дәрі беруін сұраймын. Шипажайда денсаулығымды нығайтқым келеді. Ал үй кезегінде тұрғаныма 6 жыл болды. Биыл қыркүйекте барғанымда кезегім 6881 болып тұр. Депозитке ақша жинап, алуға болады дейді. Ол не сөз? — деді Ақансері Әлқуатов.

Мал бағып жүріп аяғымды үсіріп алдым — Александр Шин

Дәл осы Орталық базарда 10-ға жуық адам қол жайып отырады. Арбаға таңылғаннан бөлек көзі көрмейтінін де кездестіруге болады. Орамалын тартып отырған қариялармен бірге аяғын көрсетіп, жерге жайғасқандары да бар. Соның бірі Александр Шин. Ол Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Бөгетсай ауылының тумасы.

— Әйелім екеуміз пәтер жалдап тұрамыз. Айына 55 мың теңге төлейміз. Оның көзі дұрыс көрмейді, менің аяғым мынау. Қой баққанда үсіріп алып, кесілген. ІІІ топ мүгедектігіне берілетін жәрдемақы қажетімізге жетпеген соң осында келемін. Өзім қаланың бір шетінде тұрамын. Автобуспен базарға келіп, отырамын. Кешкі үйге кетемін. Кейде полиция отырғызбай, қуып жібереді. Айыппұл да салуы мүмкін. Өзім күзетші болар едім. Ешкім алмайды, — деді Александр Шин.

Ол бір кездері қылмысы үшін жазасын өтеп шыққан. Содан бері тұрақты жұмысқа тұру мұң.

— Қиын болса да осы өмірге үйрендім. Таныстарымның бәрі біледі. Отбасым да біледі. Қызым мен балам бар. Олар бөлек шығып кетті. Қолында болса көмектесіп тұрады. Жәрдемақы пәтерге жұмсалса, бұл табыс тамақ пен киімге кетеді. Арақ ішпеймін, темекі тартпаймын. Мені базар маңындағылардың бәрі біледі. Кейде қарызға алып, бөліп төлеймін, — деді Александр Шин.

Ақтөбеде қайыр сұрап жүрген адам көп — психолог

Психолог Гүлнұр Бисекованың айтуынша, қайыр сұрап жүрген адамдар арасында мұны табыс көретіндер де, шын мұқтаждар да бар. Аяқ-қолы сау бола тұра ақша сұрағандар намысы жоқ, әлсіз топқа жатады.

— Іссапармен көп қалаларға бардым. Сол кезде тілі мен тұрғындар мәдениетін де салыстырып жүремін. Шынымды айтсам, Ақтөбеден өзге жерде қайыр сұрап жүрген адамдарды көп көрмедім. Еліміздің солтүстігінде, Петропавлда болғанда қайыр сұрап отырған адамды мүлде көрмедім. Такси жүргізушісінен сұрағанда «халық өзі шаққа күн көріп отыр, оларға берер артық ақшамыз жоқ» деп айтты. Мен 2005-2009 жылдар аралығында, студент кезде қаладағы Шығыс базарында әжені көретін едім. Соңғы екі жылдықта тағы көрдім. Арада 20 жыл өтті. Ол әлі отыр. Бір күні әлеуметтік желіден «үйі бар, қызы бар» деген ақпарат оқыдым. Дәл сол адам мұқтаж деп ойламаймын. Жанынан өткенде адам болған соң ұсақ ақша беріп кетесің. Кейде сондай адамдардың екінші деңгейлі банктің қосымшасын жүктеп алғанын, телефон нөмірін көруге болады. Оны көргенде бизнеске айналдырып алған деп айтуға болады. Кейбірі — тепсе темір үзетін ер азаматтар. Өзге елден келген сондай адамдар отырады шынында. Олар үшін оңай табыс көзі бұл. Тамақ алып берсең қабылдамай, ақша сұрайды. Бірақ арасында аяқ-қолы жоқ адамдар болуы мүмкін. Ондай жандар да кезігеді, — деді психолог Гүлнұр Бисекова.

Оның айтуынша, қазақ халқында дорбасын асынып, тіленіп, қайыр сұрау деген болмаған. Бұл әдет Қазан төңкерілісімен бірге келген деп санайды.

— Қазақта туысы күн көре алмай жатса, жақындары көптеп-көлемдеп көмектеседі. Мал бақтырса, үй жинатса да демеп жүреді. Жұмыс жоқ емес, бар. Қайыр сұрайтындар кімдер деген сұраққа келер болсақ, намысы жоқ, әлсіз адамдар деп айтар едім. Жатыпішер адамдар бар арасында. Бұрын пәтер аралап, ақша сұрайтын. Қазір ондайлар кезікпейді. Алаяқтық жолдың бір түрі шығар осы. Тіпті жұмсап отырған адамдары да бар шығар бәлкім. Өзім қайыр сұрайтын адамдарды рухани әлсіз адамдар деп ойлаймын. Шынымен мұқтаж, жұмысқа жарамайтын адамдарға беруге болады. Кейбір адамдар әлеуметтік бейімдеу орталықтарына бармайды. Үкімет қарасайын десе де бас тартады. Оларға сол қайыр сұрап отырған ыңғайлы. Еті үйреніп кеткен, — деді психолог.

қайыр сұрау
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Әлсіздік пен масылдық деп түсінемін — ақтөбелік ерікті

«Жүректен жүрекке» еріктілер тобы жетекшісінің бірі Әлішер Садық 10 жылдан астам уақыттан бері қайырымды жандардың басын қосып, мұқтаж адамдарға көмектесіп келеді. Ол шын мұқтажды да, алдамшы тірлікті деп көрді.

— Ерікті болып қызмет етіп жүргенімізге 10 жыл болды. Көп нәрсені көріп, саралап отырамыз. Мүгедектігі бар адамдармен де көп жұмыс істедік. Солардың арасында қолы, аяғы жоқ адамдар бар. Бірақ өмірге деген құштарлығы, сүйіспеншілігі ерекше. Бір отбасыны асырап отырғандары да табылады. Жұмыс істеп, еңбек етеді. Мен көшеде қайыр сұрайтын адамдарды әлсіз деп түсінемін. Бір жағынан масылдық. Қазір көбейіп кетті ондай адамдар. Мұқтаждық емес, кәсіпке, бизнеске айналып кеткен. Бойы үйренген, еті өлген. Өзім ондай нәрсені қолдамаймын. Кейбіріне қысқа мерзімді курс ұсындық. Мәселен етікші болса болар еді, ондайға барғысы келмейді, — деді Әлішер Садық.

Ақтөбеде облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 449-бабында, яғни, «Қоғамдық орындарды тиісу» бойынша 2790 іс тіркелді. Оның 2698-не ескерту берілді.

Барлығы 14 іс бойынша айыппұл салынды. Айыппұл көлемі — 5 АЕК. Яғни, 18 560 теңге. Егер қайталанса — 10 АЕК. Тағы 15-і әкімшілік қамауға алынды.

Соңғы жаңалықтар
telegram