Әділ Ахметов Түркі мемлекеттері ұйымының маңызы жайында айтты

«Бұл медиафорумның басты мақсаты – Орталық Азияны біртұтас мәдени аймақ ретінде көрсетуді көздейтін ортақ медиа кеңістік құру. 2021 жылғы 12 қарашада Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен алқалы самитте түркі әлемін дамытуға серпін беретін жаңа шешімдер қабылданған болатын. Өйткені, дәл сол саммитте түпкі тегі бір түркі жұрты ортақ мүддеге бірікті. Тарихы, тілі, ділі, мәдениеті және діні ортақ елдердің бауырластығы мен ынтамақтастығы бірден жаңа деңгейге көтерілді. Ыстанбұл саммитінің барысында бірауыздан қабылданған шешім бойынша бұрынғы Түркі кеңесі Түркі мемлекеттері ұйымы болып қайта құрылды. Бүгінгі таңда бұл халықаралық ұйымның Ыстанбұлдағы хатшылығымен қатар, Президенттер кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесі, Бакудегі парламенттік ассамблея, Астанадағы Түркі академиясы, Анкрадағы ТҮРКСОЙ - Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы секілді институттары да қалыптасып үлгерді. Түркітілдес мемлекеттердің саммиті тұрақты өткізіліп келеді», - деді Ә.Ахметов.
Сонымен қатар ол Түркі мемлекеттері ұйымының маңызына тоқталды.
«Түркі мемлекеттері ұйымы біреулерді қорқыту немесе үркіту үшін құрылған ұйым емес. Керісінше, егемендігіміздің және территорияларымыздың тұтастығын сақтауға, сондай-ақ мемлекеттеріміздің қауіпсіздігін сырттан төнген сұқ көздерден қорғау мақсатында құрылған ортақ бейбіт ұйым», - деді ғалым.
Әділ Ахметовтің пайымынша, Түркі мемлекеттері ұйымының қызметін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді түрде дәріптеу керек.
«Бүгін ұйымдастырылып отырған Орталық Азия медиафорумының маңызы арта түседі деген ойдамын. Бұл форумның келешегі зор екеніне бүгін сөз алған мәртебелі меймандардың пікірі дәлел», - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада І Орталық Азия медиафорумы жұмысын бастады.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиевті қабылдады.
Мемлекет басшысы Қазақстан ұйымның негізін қалаушы елдің бірі ретінде түркі мемлекеттерімен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екеніне тоқталып, хатшылықтың жұмысына барынша қолдау көрсететінін жеткізді.