Адвокат ӨКМ операторына қатысты сот процесінде фото және видео түсіруге тыйым салуды сұрады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бұрынғы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтың адвокаты «ӨКМ Операторы» ЖШС-ге қатысты сот отырысынан фото және бейнежазба жасауға тыйым салуды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұқаралық ақпарат құралдарына А.Пірімқұловтың суретін және видеосын түсіруге және оны БАҚ беттерінде жариялауға тыйым салуды сұраймыз», - деді адвокат Әлімғожина сот отырысы барысында.

Қорғаушы тыйым салынбаса, онда бұл айыпталушының кәмелетке толмаған балалары үшін теріс әсер етуі мүмкін екенін алға тартты. Осы іс бойынша айыпталып жатқан «ӨКМ Операторы» ЖШС экс-Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев те аталған талапты қолдады.

«Мен адвокат Әлімғожинаның ұсынысын қолдаймын. Сондай-ақ сот отырысында және одан тыс жерлерде мені суретке түсірмеуін сұраймын. БАҚ-қа қатысты менде басқа қарсылық жоқ. Сот отырысына қатыса берсін», - деді Медет Құмарғалиев.

Аталған мәселе бойынша шешім шығару бейсенбі, яғни 20 сәуірде өтетін сот отырысына қалдырылды.

Еске салайық, бүгін елордада «ӨКМ Операторы» ЖШС-ге қатысты басты сот талқылауы басталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, «ӨКМ Операторы» басшылығы шенеуніктермен бірлесіп, 180 млрд теңге жымқырмақ болған. Осыған байланысты 26 қаңтарда ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ Операторы» ЖШС Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев ұсталған болатын.

Сол күні «ӨКМ Оператор» ЖШС-нің басқарушы директоры Руслан Шәмшиевтің денесі табылып, елорданың «Есіл» аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабымен (Өзін-өзі өлітурге дейін жеткізу) қылмыстық іс қозғады.

Айта кетейік, 2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын жүргізу және кәдеге жарату алымына иелік етуін тоқтату туралы тапсырма берді.


Соңғы жаңалықтар