Ағаш өсіру машақаты, су тұщыту, қоқыс шығару – «Таза қала» тележобасының соңғы шығарылымы Ақтауда
АСТАНА. KAZINFORM – Таза қала» тележобасы еліміздегі жалғыз портты шаһар –Ақтауға жетті. Қарт Каспийдің жағасындағы Ақтау теңіздің арғы жағындағы қалалармен бәсекелесуді бастап кетіпті. Бірақ бұл жолда атқаратын жұмыс көп. Jibek Joly телеарнасы «Таза қала» жобасының соңғы шығарылымын Ақтау қаласына арнады.
Каспий жағалауынан 500 тонна қоқыс шығарылады
Қалада «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Жыл басынан бері тазалық шараларына 170 мыңнан адам қатысыпты. Бұл қала тұрғындарының жартысынан көбі деген сөз.
Каспий теңізінің өзінен жылына 200 тоннаға жуық қоқыс, ал жағажайынан – 500 тоннаға жуық қоқыс шығарылады. Бұл жұмыстар көктемде басталып, күзге дейін жалғасады. Белсенділер демалушылардан қалған қалдықтармен қатар, арам шөптерді де отайды.
«Теңіз жағалауына келген демалушылар өзімен бірге тамақ әкеледі, одан қоқыс пайда болады. Осы бағдарламаны пайдаланып, әрбір тұрғынына айтарымыз, табиғатымызды аялайық, жаратқанның берген сыйын бағалайық, әр азамат өз қоқысын ұқыптылықпен жинап кетсе деген ұсыныс бар», - дейді сенбілікті ұйымдастырушы Роза Мұғалова.
Құрлықпен қатар Каспий де аяқ жетер жерге дейін қоқыстан тазаланады. Ол үшін арнайы сүңгуір мамандар бекітілген.
«Қазір екі сүңгуір болып суға түсеміз, аймақты тазалап, әсіресе аяққа кіріп кетуі мүмкін қауіпті заттарды алып шығамыз. Белгіленген аймаққа дейін барамыз», - дейді мамандар.
Ақтаулықтар шаңсорғышпен үйін емес, көшелерін тазалайды екен. Қаланы тұрақты түрде 400-ге жуық адам тазартады, жиырмадан астам техника бар. Олардың қатарында шаһар көшелерін тап-тұйнақтай жинайтын шаңсорғыштар да бар.
«Мен Қазақстанның барлық дерлік аймақтарына бардым, Ақтау Қазақстандағы үздік үштікке кіретін өте таза қала деп айта аламын. Күнде таңертең тазалық жұмыстары жүріп жатады. Бұрын теңіз жақ шашылып жататын. Қазір жастар өз пакетін тастамай, қоқысын өзімен алып кетуге дағдыланған. Соның өзі қуантады», - дейді әнші Бауыржан Ретбаев.
Жаңа шағынаудандар
Ақтау қаласы көшелерге емес, шағынаудандарға бөлінеді. Әсіресе жаңадан салынған үйлер шаһарға көрік беріп, абаттандыруға ерекше мән беретінін көрсетті. Мысалы, 1500 пәтері бар көп қабатты үйдің суы да, жылу жүйесі де, электр энергиясы да еш ақаусыз тұрғындарға қызмет етіп келеді. Төрт жыл бұрын бой көтерген тағы бір үйдің айналасы жайқалып тұр.
«Қала тұрғындары үшін шағын оазис, қайталанбас демалыс орнын жасағымыз келді. Бұл кез келген жас өкілі үшін пайдалы орын болуы керек. Ағаштардың 50-ден астам түрі бар. Ираннан, Әзербайжаннан, еліміздің түкпір-түкпірінен, Ресейден алып келдік. Бастысы өсімдіктерге қолайлы жағдай жасау керек», - дейді құрылыс мекемесінің басшысы Данияр Сандыбаев.
Құрылыс мекемесі тазалыққа аса ден қояды. Маңғыстау климатына сай келетін креативті шешімдерді қолға алып, жүзеге асыруды бастап кеткен.
«Бұл Президенттің тапсырмасы бойынша біздің тағы бір қолға алған жұмысымыз. Ол қалаларымыз лас, күтімсіз, әуеде қалықтап жүрген қоқыстың көп екенін бірнеше рет айтқан еді. Дамыған елдер қатты тұрмыстық қоқысты жер астына салатынын байқадық. Енді сондай құрылғыны өзіміз ойлап таптық. Еуроконтейнерлер жер астында орналасқан. Тұрғын осында келіп, қоқысын лақтырады. Иіс жоқ байқадыңыз ба? Пакеттер ұшпайды. Иттер лақтырып тастамайды. Манипулятор сынды арнайы техниканы сатып алудың қажеті жоқ. Күнделікті көлік келіп, тиеп алып кетеді», - деді Д. Сандыбаев.
Апельсин мен банан өсіретін бақ
Ақтауда апельсин мен банан өсіретін қысқы бақ бар. Станислав Ли мұндай бақ құру төрт жыл бұрын қолға алыпты. Алғашында жеміс-жидек өсіріп, кейін үлкен жылыжай ашып, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнын ұйымдастырыпты.
«Ең алдымен туристерді қызықтырғымыз келеді. Бірінші кезекте, осындай өсімдіктердің барын балаларға көрсетуіміз қажет. Оларға экскурсия өткізіп, жемістердің қайдан келгенін, қалай өсетінін айтамыз. Белгілі бір бөлігін өзіміз өсіреміз. Негізінен Ираннан әкелеміз, Түркиядан келгендері де бар. Яғни өсімдіктерді климатқа сай таңдаймыз», - дейді жылыжай басшысы.
Жылыжайдан шыққан гүлдер де маусым сайын қала көшелерінің сәніне айналады. Мәңгілік алау, орталық көшелер, саябақтардағы біржылдық жасыл желекті егіп, күтіп-баптайды. Өңірдегі климаттық ерекшеліктер ескеріледі.
Ақтауда жеке қаражатын жұмсап, саябақ ашқан тұрғындар да бар. Кәсіпкер Сұңғат Мұңалбаев тақыр жерге 6 мыңға жуық ағаш отырғызған. Қазір саябақта 20 қызметкер жұмыс істейді.
Бұл жер саялы ағаштың астындағы демалыс орны ғана емес. Иелері түрлі жас өкілдерінің уақытын тиімді өткізу үшін бар жағдайды жасаған.
«Мұнда теннис алаңы, волейбол, баскетбол, воркаут алаңдары бар. Біз халықтың демалып, спортпен айлассын деген бағытты ұстандық. Барлық шамдар күн көзінен қуат алады. Суды үнемдеу де қаперден қалыс қалмаған. Мұнда тамшылатып суару әдісі жұмыс істейді», - деді С. Мұңалбаев.
Ботаникалық бақтар құрып барады
Ақтаудың ең басты проблемасы – абаттандыру. Бұрын Ақтауда бір емес үш ботаникалық саябақ болған екен. Оны тұрғындар «қаланы өкпесі» деп те атайтын. Өйткені құнарсыз ауданда ауқымды жасыл алқапты өсіріп, күтіп баптау оңай жұмыс емес. Ал қазір экобелсенді Фарид Қинаятов саябақ орнына құрылыс нысандары салынып жатқанын айтуда.
«Соңғы 10-15 жылда бұл саябақтардың тоз-тозы шықты. Қазір біз тұрған жердің орны саябақ болған. Соның бәрін кесіп алып, тұрғын үй кешендерін салды. Мұнда тағы бір бизнес-орталық салынып жатыр», - дейді экобелсенді.
Ф. Қинаятов түсірілім тобын «Ақбота» бағына алып келді. Кеңестік кезеңде бұл жасыл желегі жайқалған керемет аумақ болыпты.
«Міне, осылай шыбықтарды жыл сайын отырғызадыда, суарылмай қурап қалады. Өзіміз де бала кезімізде осы саябаққа келіп ойнайтын едік. Жап-жасыл, ағаш, жақсы деңгейдегі парк еді. Қазіргі жағдайы жылдан-жылға нашарлап барады», - дейді Фарид.
Ауыз су мәселесі биыл шешіледі
Бұған дейін тұрғындар қалаға қажетті тұщы судың аздығын сөз еткен еді. Жергілікті билік жыл соңына дейін Ақтаудағы ауыз су мәселесі шешілетінін айтуда. Ол үшін алдағы уақытта Каспий су тұшыту зауытының қуаты артады.
Осыған дейін үкімет резервінен Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту» жобасын аяқтауға 5 млрд теңгедей қаражат бөлінген еді. Бұл қаржы саладағы соңғы технологияларды енгізуге де мүмкіндік береді.
«Зауытқа үш жылдан бері жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Биылғы жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Жаңғырту аясында зауыт қазір шығарып жатқан 20 мың текше метрді екі есе ұлғайтып, 40 мың текше метрге жеткізеді», - деді «Каспий» су тұщыту зауытының директоры Серік Ғұсман.
Сарапшылар бағасы
«Таза қала» жүргізушілері Ақтау қаласы туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.
Бұл шығарылымды сәулетші Серік Рүстембеков, «AMANAT» партиясы жанынан құрылған экологиялық кеңес төрағасының орынбасары Елдос Абақанов және эколог, «Жасыл даму» АҚ департамент директоры Сәбит Тельман бағалады.
«Ақтаудың тазалығына өте жоғары баға бердім. Әсіресе жаңа шағынаудандар, жаңа тұрғын үй кешендері жақсы безендірілген, демалатын жақсы алаңдар салынған. Ал ескі шағынаудандардың тозғаны үшін бағаны төмендеттім. Ол жақта ағаш өсіру өте қымбатқа түседі, соған қарамастан қаланың ішін көгалдандырып, жақсы жағдай жасауға тырысқан», - дейді С. Рүстембеков.
Сәбит Тельман Ақтау қаласына 5 ұпай беріп, органикалық қалдықтарды ұтымды пайдалануға кеңес берді.
«Жаңадан салынған үйлер барлық жағынан үлгілі болып көрінді. Тазалығы жаман емес. Бірақ қалдықтарды қайта өңдеу, кәдеге жарату мекемелері көрсетілмеді. Сол салада жұмыс істеу керек. Топырағының құндарлылығы төмен болғандықтан, өз жағынан кеңес ретінде органикалық қалдықтарды қайта өңдеп, жердің құнарын көтеруге қолдануға болады», - деді сарапшы.
Өз кезегінде Елдос Абақанов Ақтау қаласы су тапшылығы мәселесіне қарамастан, тұрғындарға қолайлы қала екенін айтты.
«Себебі Каспий жағасында туристік потенциал өте жоғары. Эфир аясында ашылмаған тақырыптардың бірі – туризм деп ойлаймын. Облыстағы шешілмей келе жатқан тағы бір мәселе – көгалдандыру. Ағаштар егіледі, бірақ оны суаратын жүйенің дұрыс қалыптаспағанын айтуға болады. Себебі су тұрғындардың өзінен артылмайды, ал оны қайта тазаланып қолдану мәселесі әлі шешілмеген. Еуроконейнерлер санын көбейтіп, қалада ыңғайлы дамыған инфрақұрылым болса, әрине алдағы уақытта Ақтау қаласы таза, жасыл қалалардың біріне айналады», - деді Е. Абақанов.
Жалпы есепте Ақтау қаласы 20 ұпай алып, рейтингі жоғары қалалар қатарынан табылды. Осылайша «Таз қала» жобасының түсірілім тобы еліміздің облыс орталықтары мен мегаполистерін түгел аралап шықты. Жарты жылда 30 мың шақырымға жуық жол жүріп, 200-ге тарта кейіпкермен тілдесті. Сарапшылар жасаған рейтинг нәтижесінде Астана мен Алматы көш бастап тұр. Қарағанды мен Қостанай да жоғары көрсеткішке ие. Ал Жезқазған тізімнің соңына жайғасты.
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek Joly арнасында «Таза қала» ауқымды тележобасы көрерменге жол тартты.
Түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімеледі. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездесті, коммуналдық қызметтердің жұмысын көрді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын еріктілермен танысты.
Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында телеграм-бот іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарламаңыз жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Нәтижесінде шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.