Ағаш зауыты, қияр жылыжайы, кондитерлік өнімдер – СҚО инвесторлары қандай жобаларды қолға алды

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында өнеркәсіп саласында 511 млрд теңгеге 34 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, оларды іске асыру 5 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

бизнесмен, инвестор, договор, сотрудничество
Фото: freepik.com

Әкімнің айтуынша, «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында ағаш өңдеу кластері құрылып жатыр. Бұл арқылы өңірдің шамамен 3 500 тұрғыны жұмыспен қамтылды.

− Түрік инвесторы ағашты терең өңдеу зауытын іске қосты. Кәсіпорын жылына 50 мың текше метрге дейін өнім шығаруды жоспарлап отыр. Бұл ағаш өңдеу өнімдері импортын 13%-ға алмастыруға мүмкіндік береді. Мұнда отындық пеллеттер, ДСП өндірісін, химиялық компоненттер және жиһаз өндіруді жолға қою жоспарланып отыр. Жалпы, кластерге 2027 жылға дейін 25 млрд теңге инвестиция салынады, − деді Ғ.Нұрмұхамбетов Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Одан бөлек, жыл басында 4-ші буындағы инновациялық жылыжай кешені іске қосылды. Жылыжай ашылғалы 1,3 мың тонна қияр сатылды. Мұнда күн сайын 16 тоннаға дейін қияр жиналады. Жылыжай өңір тұрғындарының қажеттілігінің үштен бірін қамтамасыз етіп, қыс мезгілінде бағаның тұрақтануына оң әсерін тигізеді.

«Қызылжар» АЭА аумағында Ресейдің ірі кондитерлік компаниясы кондитерлік өнімдер өндіру жобасын жүзеге асыруда. Инвестиция көлемі 37 млрд теңгені құрайды және 380 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

− «МаслоДел» компаниясының май сығатын зауыты да іске қосылу сатысында тұр. Бұл кәсіпорын Орталық Азия елдеріндегі ең ірі зауыт болады. Кәсіпорын қуаты жылына 370 мың тонна майлы дақылдарды өңдеп, 120 мың тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Зауыт өнімнің 80% дейінгі көлемін экспортқа шығарып, қалған бөлігін жергілікті нарыққа бағыттаймыз, − деді әкім.

Сонымен бірге, отандық инвестор саңырауқұлақ өсіретін ферма мен компост зауытын салып жатыр. Кәсіпорын жылына 1 200 тонна өнім өсіріп, өңдеуді жоспарлап отыр. Бұл жергілікті халықтың қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Орта Азиядағы ең ірі сүт фермасы да СҚО аудандарының бірінде салынып жатыр.

Сондай-ақ, СҚО-да соңғы 13 жылдағы ең мол егін жиналды.

Соңғы жаңалықтар