Агенттік өкілі БЖЗҚ-дағы ақшасы азайып қалғанына шағымданған салымшыларға кеңес берді

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева Сенатта өтіп жатқан дөңгелек үстелде БЖЗҚ-дағы қаржысы азайып қалғанына жиі шағымданатын салымшылар туралы пікір білдірді. 

Хаджиева Мария Жамаловна
Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

- Өкінішке қарай, салымшылар жиі түсінбей жатады. БЖЗҚ-ның инвестициялық табыстылығын кейінгі екі айдың қорытындысына қарап бағалауға болмайды. «Мен шығынға баттым» деп жатады. Бұл - олай емес. Инвестициялық табыстылықты ұзақ мерзіммен есептеп қарау керек, - деді агенттік төрағасының орынбасары.

Оның сөзінше инвестициялық табыстың төмендеуіне түрлі фактор себеп болып отыр. 

- Шығындарға түрлі көрсеткіштер әсер етеді. Шетел валютасындағы қаржы құралдарының құны уақыт сайын құбылып жатады. Бұл валюта бағамындағы өзгерістерге байланысты. Нарықтың сыртқы конъюктурасы өзгеруі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзіммен алғанда біз ұтымды инвестициялық табыс көрсетуіміз керек. Ол инфляциядан кемінде 2 пайыз жоғары болу қажет, - деді Мария Хаджиева.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасы қандай жобаларға инвестицияланатынын айтқан еді

Соңғы жаңалықтар