Агротехниканы лизингке беру, пайызын субсидиялау қайта жанданады - Шөкеев

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бағдарламасы қайта іске қосылатын болады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Ақтөбеде агроөнеркәсіп кешеніне арналған жиын барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агротехниканы лизингке беру, пайызын субсидиялау қайта жанданады - Шөкеев

Ақтөбе облысына екі күндік жұмыс сапарымен келген Өмірзақ Шөкеев кеше тауарлы сүт фермасы мен жылыжайға барды. Ал бүгін ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып жүрген шаруалармен кездесті. Еліміздің әр өңірінен келген шаруалар саланы дамыту үшін субсидия бөлу, мамандарды дайындау ұсыныстарын жеткізді.

«Ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру алдымен техникаға тәуелді. Техниканы жаңарту динамикасына қарасақ, соңғы жылы өсім бәсеңдеген. Қазіргі кезде жаңарту 2 пайызға төмендеді. Сондықтан ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бағдарламасын қайта қалпына келтіріп, пайыздық үстемеақыны субсидиялау, лизинг беру, инвестициялық субсидия секілді қолдауларды қайта қалпына келтіреміз. Осы мақсатта ішкі резервтер табылады»,- деді министрі Өмірзақ Шөкеев.

null 

Ауыл шаруашылығын дамытудың бір жолы - тұқым сапасын арттыру.  Сапасыз тұқымнан шығын көп болады. Тіпті, сапасыз тұқымнан еліміздегі астықтың 20 пайызы жарамсыз күйге түсіп жатады. Елімізде 214 тұқым шаруашылығы бар болса, олар сұраныстың тек 21 пайызын қамтамасыз ете алады. Олардың көбі әлі де ескі әдіспен жұмыс істеп, мемлекеттің көмегіне жиі жүгінеді.

«2016 жылы шетелден тұқым тасуға рұқсат берілді. Көп шаруашылық бұл мүмкіндікті білмейді. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Ал Қазақстандағы тұқым шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкерлер ашық бәсекеге дайын болуы керек. Әрі олар Қазақстандағы тұқым шаруашылығы палатасын құруы шарт. Министрлік пен шенеуніктер емес, мәселені палата шешкені дұрыс»,- деді Премьер орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі.

null 

Ол сондай-ақ қаржы институттарының жұмысына тоқталды. Соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығын несиелендіру 25 пайызға төмендеген. Ал пайыздық үстемеақы 18 пайызға жеткен. Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, пайыздық үстемеақыны субсидиялау жаңартылып, несие үстемеақысы 10 пайыздан жоғары болмауы қадағаланады.

Жиын барысында ауыл шаруашылығында экспорттық әлеуетті арттыру мәселесі де қозғалды.

«Біз етті өңдеу арқылы экспорттық әлеуетімізді арттыра аламыз. Біріншіден, жеріміз кең. Ешбір ел жер көлемі жағынан біздей мақтана алмайды. Екіншіден, мал бағу біздің дәстүрімізде бар. Біз мал баға аламыз. Мәселен, кейбір елдер ірі қара сатып алып, оны бағатын адамды да қоса алады екен. Бізде ондай проблема жоқ. Үшіншіден, біз Оңтүстік Америка мен Жаңа Зелландияға шығара аламыз. Бұл біздің мүмкіндігіміз. Етті өңдеп, оны Қытай мен Ресейге және өзге елге шығару қажет»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

null 

Айта кетейік, шетелден ірі қара сатып алу бағдарламасы 2013 жылы таныстырылып, заң қабылданды. Содан бері 67 мың бас асыл тұқымды ірі қара әкелінді. Қазіргі кезде елімізде асыл тұқымды ірі қара 450 мыңға жетті.