Аида Балаева: Әйелдер — ел экономикасының қозғаушы күші
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда BeWoman Asia 2025 форумы өтіп жатыр. Форумның ашылуында сөз алған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева заманауи Қазақстан әйелінің келбетін сипаттады.

Министр еліміздегі әйел бейнесі — тек қана құрғақ статистика емес, ол — миллиондаған әйелдің еңбегі, білімімен жазылып жатқан ел тарихы екенін атап өтті.
— Біздің әйелдеріміз — бүгінгі күні экономиканың қозғаушы күші. Қазақстандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің 48,2 пайызын әйелдер басқарады. Жеке кәсіпкерлердің ішінде үлесі 53,4 пайызға жетеді, — деді ол.
Аида Балаеваның айтуынша, қазақстандық әйелдер сенімді түрде жаңа салаларына қадам басып жатыр: студент қыздардың 30 пайыздан астамы STEM-бағыттарын таңдайды, ал IT және цифрлық экономика саласында 31 пайыз әйел еңбек етеді. Елдегі ең ірі технопарк — Astana Hub-та әр жетінші стартапты әйелдер құрған.
Мемлекеттік басқару жүйесінде де әйелдердің орны айрықша. Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің 55,8 пайызы — әйелдер. Судьялардың ішінде 53 пайыздан астамы, Парламент депутаттарының шамамен 20 пайызы — әйел. Дипломатия мен әскери салада олардың үлесі әзірге аз: елшілердің — 4 пайызы, полиция қызметкерлерінің — 16 пайызы, әскердегі жоғары лауазымдарда — 4,4 пайыз.
— Дегенмен, бұл бағыттар болашақта өсудің жаңа көкжиегін ашып отыр, — деді министр.
Сондай-ақ Аида Балаева қазақстандық әйелдердің әлеуметтік және демографиялық көрсеткіштерін атап өтті. Орташа өмір сүру ұзақтығы — 75-80 жас. Әйелдердің сауаттылық деңгейі — 99,9 пайыз. Әрбір бесінші әйелдің жоғары білімі бар. Қазақстан университеттеріндегі студенттердің тең жартысы — қыздар. Ғылыми салада зерттеушілердің 55,7 пайызы әйелдер.
— Қазақстандық әйел — заманауи, білімді, экономикалық белсенді, әлеуметтік жауапты азамат. Ол кәсіп жүргізеді, мемлекеттік жобаларды басқарады, зертханаларда, ауыл шаруашылығында, бизнесте, мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Сонымен қатар ол — қамқор қыз, жар, мейірімді ана, — деді министр.
Еске салайық, бұған дейін Астана, Алматы мен Шымкент әкімдігінің басшылығында қанша әйел бар екенін жазғанбыз.