Аида Балаева Мәдениет министрлігіне қатысты салалық қандай заңдарға түзетулер енгізілетінін атады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қандай заңнамаларға түзетулер енгізілетінін атады.
— Өткен референдум ел тарихындағы маңызды белеске айналды. Осылайша, Мемлекет басшысының саяси жүйені жаңғырту бағытындағы бастамалары қоғам тарапынан кең қолдау тапты. Конституциялық өзгерістер әділетті қоғам құруға, билік пен халық арасындағы ашықтықты арттыруға және азаматтық белсенділікті күшейтуге жол ашты. Бүгінде мемлекеттік органдардың алдында тұрған басты міндет — конституциялық реформаны жүйелі әрі үйлесімді түрде жүзеге асыру. Сонымен қатар заңнаманы және мемлекеттік саясатты жаңартылған конституциялық нормаларға толық сәйкестендіру аса маңызды. Ең бастысы — Ата заңда айқындалған құндылықтарды қоғамда кеңінен насихаттап, оларды қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналдыру, — деді вице-премьер.
Оның айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты бағыттарда салалық заңнаманы жаңарту бойынша бірқатар жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінде мәдениет, ақпарат, БАҚ, архив ісі, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланысы, дін мен жастар, отбасы саясаты салаларын реттейтін 20-дан астам заңнамалық актіге өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.
— Бұл түзетулер негізгі конституциялық қағидаттарды іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, олар тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті қолдау, отбасы институтын нығайту және азаматтық қоғамды дамыту сияқты маңызды бағыттарды қамтиды. Қазақстанның Халық кеңесі құрылуына байланысты қоғамдық келісімді нығайту және этносаралық қатынастарды дамыту бағытындағы жұмыстар күшейтілетін болады, — деді Аида Балаева.
Айта кетейік, Үкімет жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру жолдарын талқылап жатыр.