Air Astana Таяу Шығысқа қатынайтын рейстер санын арттырады

АСТАНА. KAZINFORM — Air Astana әуе компаниясы Қазақстаннан Оманға екі жаңа бағыт бойынша тұрақты рейстерді іске қосады. Ұшақтар Алматы мен Астанадан Салала қаласына қатынайды.

Air Astana Таяу Шығысқа қатынайтын рейстер санын арттырады
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, Алматы — Салала бағыты бойынша алғашқы рейс 23 қазанда орындалады. Ұшақтар аптасына бір рет, жұма күндері ұшады.

Ал Астана — Салала бағыты бойынша рейстер 24 қазанда басталады. Бұл бағыттағы ұшақтар сенбі күндері аптасына бір рет қатынайды.

Екі бағыт бойынша да Airbus A320 үлгісіндегі әуе кемелері пайдаланылады.

Қазіргі уақытта Қазақстаннан Оманға Алматы — Маскат бағыты бойынша Salam Air әуе компаниясы рейстер орындайды.

Еске салайық, мұның алдында Алматы — Токио рейсі 30 қарашадан бастап ұшатынын жазғанбыз.