Ақ үй өз сайтының дизайнын өзгертті
АСТАНА. KAZINFORM — Ақ үйдің веб-парақшасы жаңа президент билікке келгеннен кейін жаңартылды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Енді онда Дональд Трамптың видеосы бар және Байден әкімшілігінің бірқатар функциялары жоқ.
Трамп командасы жаңа әкімшілік сайтының дизайнына айтарлықтай өзгерістер енгізді, онда Трамп президенттігінің бірінші мерзімі кезіндегі 30 секундтық бейне монтажы, әскери суреттер мен сайлауалды науқанындағы суреттер бар.
Бейнероликтер Трамптың Marine Force One кемесінен түскені, жақтастарымен сәлемдескені, камераға бас саусағын жоғары көтеріп тұрғаны, әскерлерге әскери сәлем берген және заң жобаларына қол қойғаны түсірілген сәттерден құрылған. Кадрларда ұшып бара жатқан ақ басты қыран, Ақ үй, президенттің қаламы түсіріліп, шабыттандыратын музыкамен сүйемелденген.
— Ақ үй. Президент Дональд Трамп, — деп жазылған бейне аяқталғаннан кейін жаңа сайттың ұранында.
Одан кейін пайдаланушылар «Америка оралды» деген жазу және Трамптың суреті бар жаңа парақшаға қайта бағытталады.
Ақ үйдің ресми сайтында енді үш негізгі парақша бар: жаңалықтар, әкімшілік және мәселелер.
Сондай-ақ, Трамптың басты басымдықтары инфляцияны тоқтату, салықты төмендету, АҚШ шекаралары қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елдегі энергия өндірісін ұлғайту және қылмыспен күресу екені хабарланды, деп жазды Independent.
Енді әкімшіліктің парақшасында Трамп, вице-президент Дж.Ди Вэнс, бірінші ханым Мелания Трамп және екінші ханым Уша Вэнс таныстырылған.
Ақ үй сайтының Байден әкімшілігі кезіндегі бірқатар функциялар жойылды. Атап айтқанда, тілді испан тіліне өзгерту функциясы жоқ.
Еске сала кетейік, кеше Дональд Трампты ұлықтау рәсімі болды.
Дональд Трамп Вашингтонда өтіп жатқан ұлықтау рәсімінде сөз сөйлеп, Американың алтын ғасыры басталғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ Трамп инаугурациядан кейін алғашқы жарлықтарға қол қойғанын жазған болатынбыз.