Ақ жейделі қаһарман: Аустралияда лаңкесті тоқтатқан қарапайым сатушы туралы не белгілі

АСТАНА. KAZINFORM — Сиднейде жеміс сатушы ондаған адамды өлтірген лаңкесті залалсыздандырды. Ахмед әл-Ахмедтің отбасы атап өткендей ол өмірінде ешқашан қолына қару ұстап көрмеген, деп жазады Еuronews.

Сиднейде жеміс сатушы террористі қалай залалсыздандырды
Фото: euronews/Capturas de vídeo x.com AZ_Intel

Ахмед әл-Ахмед — 43 жаста, екі баланың әкесі, шағын жеміс дүкенінің иесі. Ол қаруды қалай қолдануды білмейді. Соған қарамастан Сиднейдегі шабуыл кезінде қарусыз күйінде қарулы шабуылдаушыны тоқтатқан адам ретінде жұртшылыққа танылды.

Ахмед әл-Ахмедтің ерлігі бейнежазбаға түсіп қалған. Кадрларда ақ футболка киген ер адам — дәл өзі. Ол шабуылдаушыларды арт жағынан байқап, біреуіне жүгіріп барып, винтовканы жұлып алады. Осылайша көптеген жазықсыз адамның өмірін сақтап қалады.

Одан кейін әл-Ахмед қаруды шабуылдаушыға бағыттайды, ал ол қаша жөнеледі. Ер адам винтовканы ағашқа сүйеп, қолын көтеріп, полицияға өзінің шабуылға қатысы жоқ екенін ишарамен көрсетеді. Сол сәтте екінші лаңкес Ахмедке екі рет оқ атып, аяғын және қолын жарақаттайды.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ахмед әл-Ахмедке алғысын білдірді.

— Біз батылдық танытқан адамды көрдік. Оның мұсылман болғаны анықталды, мен оған құрмет көрсетемін. Ол террористердің бірін жазықсыз еврейлерді өлтіруіне жол бермеді, — деді Нетаньяху.

Сондай-ақ Нетаньяху Аустралия премьер-министрі Энтони Албанизге елдегі жүргізіліп жатқан саясаттың «антисемитизмді өршітіп отырғанын» ескерткенін айтты. Израиль билігі полиция теракт деп таныған шабуылдың ықтимал ұйымдастырушыларына қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Ахмед әл-Ахмед ауруханаға жеткізіліп, оған ота жасалды. Қазіргі таңда оның отбасы тезірек сауығып кетуіне үміт артып отыр.

Сиднейдегі теракт салдарынан, шабуыл жасағандардың бірін қоса алғанда, 12 адам қаза тауып, 30-ға жуық адам жарақат алды. Қара киінген белгісіз ер адамдар Бонди-бич жағажайында Ханука мерекесін атап өтіп жатқан жергілікті еврей қауымдастығына оқ жаудырған.

Бұдан бұрын Германия, ЕО және Түркия Аустралиядағы террористік шабуылды айыптады.

Соңғы жаңалықтар