Ақау шыққан су құбыры «Екібастұз қалалық су арнасына» тиесілі
«ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Майқайың кенті мен «Богатырь-Көмір» АҚ-на су жеткізетін магистральді құбыр «Екібастұз қалалық су арнасына» тиесілі. Ал кент ішіндегі су құбырларына «Майқайыңалтын» АҚ жауап береді.
Алтын кенішін жағалай орналасқан Майқайың кентінде орталықтандырылған ауызсуды тұтынатын 2500 жеке абонент бар.
Бұл туралы «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры Қуаныш Ботин хабарлады.
– Майқайың кенті бойынша шамамен 2500-дей жеке тұтынушы бар. Ал кент ішіндегі су құбырлары біздің кәсіпорынға сенімгерлік басқаруға берілген. Екібастұз су арнасынан Майқайыңға дейін жүргізілген үлкен құбыры «Богатырь-Көмір» кәсіпорнын басып, одан соң Майқайыңға келеді. «Богатыр-Көмір» кенішінен бері қарай 30 км. Ал ақаудың өзі «Богатыр-Көмір» кенішінің ар жағында, су арнасынан 27 шақырым жерде орын алған, - дейді А.Ботин.
Белгілі болғандай, ақау шыққан диаметрі 1020 мм-лік су құбыры «Екібастұз қалалық су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына тиесілі.
Еске сала кетейік, Екібастұздан Майқайың кентіне ауызсу жеткізетін үлкен құбыр жарылды.
Майқайың кентінің тұрғындары күніне 1 мың текше метр ауызсу тұтынып келген. Қазір қысымның төмендеуіне байланысты «Майқайыңалтын» АҚ су таситын машиналарды жұмылдырды.
Бүгінде Майқайың кентінде 10 мыңға жуық халық тұрады.
Құбырдағы ақауға байланысты «Богатырь-Көмір» кәсіпорнына су беру уақытша тоқтатылды .