Әкем мен інімді қастандықпен емес, қателікпен өлтіріп алдым - сотталушы
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша сотталып жатқан Медет Тапаев бүгін сотта соңғы сөзін айтты. Ол өзіне қатысты 23 жыл бас бостандығынан айыру жазасын жеңілдетуді сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде 39 жастағы Медет Тапаев бір түнде әкесі мен інісін пышақтап өлтірген болатын. Бұған дейін хабарлағанымыздай, қылмыскер мас күйінде үйіне келіп, келіншегіне тамақ пісірткен. Сол кезде балағаттап, сөйлеп, үй ішіндегі ата-анасы мен бауырларын оятады. Бұны қылығына шыдамай, ашуға булыққан әкесі Серік Тапаев қолына түскен көсеумен ұлын ұрып, екеуі жанжалдасады. Медет Тапаев болса сол түні әкесі мен інісі Манас Тапаевты өлтірген .
Бүгін сотталушы Медет Тапаев отырыста соңғы сөзін айтты.
«Маған тағылған жазаны жеңілдетуді сұраймын. Барлығынан кешірім сұраймын. Қастандықпен емес, қателікпен қылмыс жасадым. Жүрегім қысылып, демікпе дертіне шалдықтым. Ауырып жүрмін, уайымнан. Менің бар ойым анама келін әкеліп, бақытты өмір сүру еді. Бірақ қателік жасадым. Алдағы уақытта жұмыс істеп, анама көмектесуді ойлаймын. Жазаны жеңілдетуді соттан сұраймын»,- деді сотталушы Медет Тапаев.
Айта кетейік, мемлекеттік айыптаушы сотталушы Медет Тапаевтың жазасы өте ауыр екенін айтып, 23 жыл бас бостандығынан айыруды, ішімдіктен мәжбүрлі түрде емдетуді сұрады.