«Ақылды камералар» қандай заң бұзуды анықтайды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгіннен бастап Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеудің жаңа тәртібі іске қосылды. Енді автоматты режимдегі камералар мен ақылды жүйелер «қауіпсіздік белдігін тақпау» және «көлік жүргізу кезінде телефон пайдалануды» тіркеп, айыппұлды тікелей рәсімдейді. 

Сергек
Фото: Алматы әкімдігі

Бұл жаңашылдық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізумен тікелей байланысты.

Бұрын мұндай заң бұзушылықтарды негізінен полиция қызметкерлері анықтаған болса, енді олар автоматты түрде жазылады. Ал жауапкершілік көлік иесіне жүктеледі.

— Биылғы жылдың 12 наурызында цифрлық кодекс аясында қабылданған ӘҚБ туралы кодекстің 31-бабына өзгерістер күшіне енеді. Аталған өзгерістер технологиялардың дамуына және процесстердің цифрландырылуына байланысты енгізілді. Негізгі мақсат — заманауи техникалық шешімдерді қолдану арқылы жол қауіпсіздігін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін күшейту. Маңыздысы, жаңадан тыйымдар енгізілмейді. Тек бұрыннан бар құқықбұзушылықтарды анықтаудың техникалық мүмкіндіктері кеңейтіледі, — деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ақтоты Боранова.

«Ақылды камералар» қандай заң бұзуды анықтайды
Фото: видеодан алынған скрин

Демек жүргізушілер енді тек полицияны көргенде ғана емес, әрдайым жол ережесін сақтауға дағдылануы керек. Бұл қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға жасалған қадам.

Бұған дейін автоматты жүйелер құқық бұзушылықтың 6 түрін тіркейтін: жылдамдықты арттыру, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту, жол белгілері мен таңбаларын сақтамау, дұрыс тоқтамау немесе тұрақ ережесін бұзу, озу қағидаларын бұзу және жаяу жүргіншілерге жол бермеу. Енді олардың мүмкіндігі кеңейтіледі.

Сонымен бірге, міндетті сақтандыру полисінің болмауы, техникалық байқаудың мерзімінің өтуі және заңнамада көзделген өзге де құжаттық сипаттағы заң бұзу автоматты түрде тіркелетін болады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум