«Ақылы жолмен жүрдіңіз»: ШҚО-да Бұқтырмаға салынған көпірден алаяқтар пайда тауып жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Президент тапсырмасымен Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасына салынған көпірді алаяқтар өз пайдаларына қолдана бастады.

Соңғы күндері облыс тұрғындарының телефонына Бұқтырма су қоймасындағы көпірмен жүріп өткені үшін ақы төлеуі қажеттігі жайлы СМС-хабарламалар келе бастаған. Онда сол туралы толығырақ ақпарат алу үшін төмендегі сілтемеге өту қажеттігі жазылған.
Расыменде көпір ақылы болып кетті ме, әлде бұл алаяқтардың кезекті амалы ма? Kazinform тілшісінің бұл сауалына ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Жұмаділов жауап берді.
«Көпірмен жүру көліктің барлық түрі үшін тегін. Мұндай хабарламаларды алаяқтар жіберіп жатыр. Азаматтарды мән бермеуге және күдікті сілтемелерге өтпеуге шақырамыз», - деді ол.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да интернеттегі алаяқтардың арбауына 700-ден астам адам іліккені хабарланған.