Әкімдер өз қалтасы мен мемлекет қазынасын шатастырып алмауы керек - Сапарбаев
Елімізде ауыл әкімдерінің өз бюджеті болады. «Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелері туралы» Заңына сәйкес халық саны 2 мыңнан асатын ауылдар келер жылы бірнеше салықтан түскен қаржыны жергілікті жерге жұмсайды. Ал 2020 жылдап бастап барлық ауыл әкімі бюджет қаржысының игерілуіне, мақсатты жұмсалуына жауап береді. Бұрын құжаттарды қағаз жүзінде рәсімдеген әкімдер енді компьютерге отырып, электронды форматта жұмыс істейді. Барлық ауылға техника жеткізіліп, қазір интернетке қосу жұмысы жүріп жатыр.
«Соңғы жылдары жергілікті биліктің рөлін күшейту үшін төртінші дәрежедегі бюджетті енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл өте дұрыс шешім. Жергілікті әкімдердің өз бюджеті болуы керек. Олар өз шығынын өздері жоспарлап, қаржыны жұмсауы тиіс. Ақтөбе облысында Үкімет таспармасына сәйкес жұмыс жүріп жатыр. Өңірде барлығы 147 ауылдық округ бар. Оның 50-і келер жылдан бастап өз бюджетін басқарады. Барлық деңгейдегі әкімнің қаржылық, экономикалық сауаттылығын арттыру үшін арнайы семинар өтті. Әкімдер жұмысқа дайын»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Қазынаға түскен қаржыны басқару үшін барлық әкімге компьютер беріліп, интернетке қосылады. Бұл жұмыс Ақтөбеде түгел атқарылды.
«Біріншіден, әкімдер заңды сақтауы керек. Екіншіден, өз қалтасы мен мемлекет қазынасын шатастырмауы тиіс. Сонда жұмыс жүреді»,- деді Бердібек Сапарбаев.
Ауыл әкімдерінің форумы кезінде мемлекеттік сату, сатып алуды жүргізетін мамандарға сұраныстың артуы мүмкін деген болжам айтылды. Бұл алдағы уақытта қаралатын сұрақ. Себебі, ауыл халқының саны өсіп отырған кезде қызметкерлердің жүктемесі артып, сұраныс болуы мүмкін.
«Жергілікті өзін өзі басқару кезінде салықтан түскен қаржыны ауыл әкімі басқарады. Жеке тұлғалардан алынатын мүлік, көлік, жер салықтарынан түскен қаржы бюджетті толықтырады. Сол қаржы ауылдың инфрақұрылымын жаңартуға, көгалдандыру жұмыстарына жұмсалады. Әкім қаржыны өз еркімен басқара алмайды. Ауыл тұрғындарын жинап, кездесу өткізіп, белсенділермен ақылдасып, ең өзекті проблемаларды шешеді»,- деді Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов.
Айта кетейік, ауыл әкімдерінің кейбірі өзінің тікелей міндетін білмей, салық инспекторының, өзге қызметкерлердің жұмысын атқарып кеткен жағдайлар кездескен. Сондықтан әр әкім заңды қайта оқып, ұйымдастырушылық қабілетін арттыруы керек. Елімізде Ұлттық экономика министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ ауылдарға интернет желісін тартуды жоспарлады. Жыл соңына дейін тағы 4 ауылға интернет тартылады.