06:00, 07 Шілде 2016 | GMT +5
Әкімдік: Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы жерлерінің жартысынан астамы пайдаланылмайды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында 25 млн. гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Оның тек 10 млн. гектарын өңірдің аграршылары пайдаланып жүр. 2016 жылы облыстың шаруаларына мал өсіру және егіншілікпен айналысуы үшін 391,9 мың гектар жер берілген болатын. Бұл туралы аймақ басшысының орынбасары Мұхтар Жұмағазиев брифинг барысында мәлім етті.
«15 млн. гектарға жуық жер пайдаланылмайды. Бұл жерлердің көбі оңтүстіктегі шеткері аудандарда, инфрақұрылымы жоқ, суы аз, электр желісі тартылмаған жерде орналасқан. Жайылымға су тарту үшін арнайы бағдарлама қабылданған. Сондай-ақ біздер ауыл тұрғындарына мемлекеттік бағдарлама аясында баламалы энергия көзін орнатуға көмектесеміз», - дейді М.Жұмағазиев.
Өңірде сапалы жем-шөп даярлау үшін суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Биыл 6,6 мың гектар суармалы жер қолданысқа енді, алдағы үш жылдың ішінде 10 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жоспарланған.
Өңір басшылығы, сондай-ақ, дәстүрлі емес шаруашылықты қолға алуға ден қойып отыр. Мысалы, қоян өсіру, құс өсіру, сүтті ешкі асырау, омарташылықпен айналысу және т.б.