Аққудың қырылуына Rixos Aktau-дың қатысы бар-жоғы әлі тексеріліп жатыр - министрлік

аққулар
Фото: Маңғыстау өңірлік орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрлігі Маңғыстау облысы Қаракөл көліндегі аққулардың жаппай қырылуына Rixos Aktau-дан төгілетін қалдық судың қатысы бар-жоғы зертханалық талдаудан өтіп жатыр.

«Төгінді бойынша зертханалық талдау жасалады. Оның өз регламенті бар. Заңбұзушылық расталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Ластаушы заттардың негізгі мөлшері 7 ингредиенттен аспауы тиіс. Шамамен 10 күнге созылатын сынақтар да бар», — деді Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Жомарт Әлиев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Мұның алдында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев Маңғыстау облысында қырылған аққулар жөнінде пікір білдірген еді.

Журналистер вице-министрден аққу қырылған Қаракөлге Rixos Aktau қонақүйінен сарқынды судың төгілуі қаншалықты заңды екенін сұрады.

«Rixos-ке келсек, рұқсат етілген нормалардан ауытқуға жол берілген. Сынама алынды, түпкілікті қорытындысы кейін айтылады. Бұл мәселемен экология департаменті айналысып жатыр, солар шара қолданады. Тексеру қорытындысы шыққанына қарай айыппұл, әкімшілік шаралар, суды тазарту және тағы басқалар болады. Жобалау кезінде суды тазарту қарастырылған. Қонақ үй салынған кезде жергілікті атқарушы орган су төгуге рұқсат берген болса керек», — деді вице-министр.

Еске сала кетейік, Маңғыстауда қырылған аққу саны 1 мыңнан асып кетті.  

Алдын ала мәлімет бойынша, аққулардың жаппай қырылуы құс тұмауынан болған.  

Кейін Қаракөлге Rixos-тен төгілетін қалдық судың қаншалықты лас екені жарияланды.  

Соңғы жаңалықтар