«Әкімдер мектебінде» ауыл және аудан басшыларына не үйретіледі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бүгін басталған «Әкімдер мектебі» жобасы аясында сайланған ауыл және аудан басшылары қалай оқытылатынын айтты.

 Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

— Бағдарлама әкімдерді ауыл экономикасының дамуына әсер ететін негізгі факторларды айқындауға үйретеді. Сондай-ақ әкімдер ауылдық елді мекендерді дамыту жолдарын белгілеуді, басым бағыттар бойынша кооперациялық жобалар мен экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеуді меңгереді.

Сонымен қатар, әкімдер жергілікті өзін-өзі басқару процестеріне азаматтарды тарту әдістерін үйренеді. Оған жергілікті қауымдастықпен өзара іс-қимыл жасау және бірлескен жұмыс ұйымдастыру тәсілдері кіреді. 

Әкімдер өз ауылдарының экономикалық бағыттарын анықтауды, сондай-ақ өнім өндіруден бастап, оны сертификаттау мен сатуға дейінгі тікелей тізбекті құруды үйренеді, - деді ол. 

Сондай-ақ ҚР Премьер-министрінің орынбасары бұл бағдарлама ауылдық аймақтардың дамуына жаңа серпін беріп, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге ықпал ететінін айтты. 

Еске салсақ, елімізде ауылдық округтердің 95%-да әкім сайланды. 2021 жылғы шілдеден 2024 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңде 2176 ауылдық округте 2 566 әкім сайланды. 

Бүгін елімізде сайланған ауыл және аудан басшыларын оқыту басталды.

Мемлекет басшысы бұған дейін «Әкімдер мектебі» жобасын іске қосуды тапсырған еді. 

Сондай-ақ «Әкімдер мектебі» жобасы 2 400-ден астам аудандық және ауылдық округ әкімдерін қамтитынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар