Әкімдік «Тұрғын үй-Шымкент» ЖШС-де қаржы жымқыру дерегін растамады

  ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты қылмыстық іс пен тұрғын үйлерге жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары арасында байланыс бары ресми түрде расталған жоқ.

Әкімдік «Тұрғын үй-Шымкент» ЖШС-де қаржы жымқыру дерегін растамады
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі

Әлеуметтік желілерде «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Ернар Жиембай мен қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов арасындағы жанжалдың ықтимал себептері талқыланып жатыр. Әкімдік маңындағы оқ атылудан бірнеше күн бұрын өткен жиналыста одан тұрғын үйлердің күрделі жөндеуіне бөлінген 3,4 млрд теңгенің қайда жұмсалғанын түсіндіруді талап еткен деген нұсқа белсенді таратылып жатыр.

Алайда адвокаттардың айтуынша, тергеу барысында Руслан Берденов Ернар Жиембаймен жұмыс бабында ешқандай келіспеушілік болмағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, ол тек тапсырмалардың орындалу барысы мен міндеттердің бөлінуіне қызығушылық танытқан. Бұл сұрақтар қойылған сәтте тиісті тендер аяқталып, дауға себеп боларлық жағдай болмаған.

Kazinform сауалына жауап ретінде әкімдік компания қызметін тексеруді сұрап, Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне хат жолданғанын хабарлады. Тексеру жұмыстары атқарылған істердің сапасын, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін, сондай-ақ бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтиды.

Аталған ЖШС-нің құрылтайшысы Шымкент қаласының әкімдігі екендігін атап өткен жөн.

Қаржыландыру көлемі

ТКШ жаңғырту бағдарламасы аясында 2023–2025 жылдары компанияға бөлінген қаржы мөлшері:

• 2023 жылы — 1 млрд теңге,

• 2024 жылы — 1,4 млрд теңге,

• 2025 жылы — 1,9 млрд теңге.

2024 жылы 15 көппәтерлі үйдің күрделі жөндеуі аяқталды, 10-нан астам нысанда жұмыс жалғасып жатыр. Биыл жалпы 22 үйді жаңарту жоспарланған.

Бақылау қалай жүзеге асырылады

Қолданыстағы жүйеге сәйкес, күрделі жөндеуге мердігерлерді таңдау үй кеңестерінің қатысуымен үшжақты келісімшарт негізінде жүзеге асырылады.

— Бұдан бөлек, үй кеңестері істелген жұмыстарды қабылдауға қатысып, нысанды пайдалануға беру актілеріне қол қояды. Себебі бөлінген барлық қаражат — қайтарымды қаржы, оны кейін тұрғындар өздері өтеуі тиіс. Бюджет қаражаты тек мақсатты түрде жұмсалып, ашықтық пен қаржылық есептілік қағидаттары қатаң сақталады, — деп хабарлады әкімдік.

Қаражаттың мақсатты жұмсалуына «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшылығы да, қалалық құрылыс басқармасы да жауап береді.

Компанияның мемлекеттік сатып алуларға қатысуы тоқтатыла ма?

Әкімдік «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-мен келісімшарттарды біржақты бұзу мәселесі қарастырылмайтынын мәлімдеді. Барлық мердігер бұрын жасалған келісімдер бойынша жұмыстарын жалғастыра береді.

— Мердігерлерді таңдау Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 246 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Келісімшарт үй кеңесі таңдаған ұйыммен жасалады, ал жұмыстарды қабылдау міндетті түрде тұрғындардың қатысуымен жүргізіледі, — деп толықтырды ведомство.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте қала әкімнің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты сот отырысы өткенін жазған болатынбыз.

Ернар Жиембай Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша жауап берді.

Соңғы жаңалықтар