Ақмола облысы Зеренді ауданының әкімі сайланды
АСТАНА. KAZINFORM – Әсет Құрманғожин Ақмола облысы Зеренді ауданының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

2025 жылғы 15 маусымда Ақмола облысы Зеренді ауданы әкімінің сайлауы өтті. Әкім лауазымына бірден үш үміткер бақ сынады.
— Зеренді аудандық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 14-бабының 9-тармағы, 44-бабының 2-тармағы, 45-бабы, 113-10 бабына сәйкес Ақмола облысы Зеренді ауданының әкімін сайлау қорытындылары туралы учаскелік сайлау комиссияларының хаттамаларын негізге ала отырып, сайлау қорытындыларын белгіледі. Сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 21 434 азамат енгізілген, оның 11 553-і дауыс берді. Жарамсыз деп танылған бюллетеньдер саны — 303, «Барлығына қарсы» белгісімен — 581. Әрбір кандидат үшін берілген дауыс саны: Байсейітов С. Ш. — 2 148; Есімбаев А.А. — 945; Құрманғожин Ә.А. — 7576, — деп жариялады Зеренді аудандық сайлау комиссиясы сайлаудың қорытындысын.
Осылайша, Ақмола облысы Зеренді ауданының әкімі болып бұған дейін Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған 1988 жылы туған Әсет Құрманғожин сайланды.
Сайлауалды бағдарламасынан белгілі болғандай, Әсет Құрманғожин көлік және коммуникация колледжінде және Қазақ темір жол көлігі университетінде «темір жол көлігіндегі экономикалық қызмет» мамандығы бойынша жоғары білім алған.
17 жылдан астам уақыт Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарында, статистика органдарында, қазынашылық органдарында, Зеренді ауданы әкімінің аппаратында қызмет етті. 2022 жылы Зеренді ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 2024 жылдан бастап сайлауға дейін Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған.
Бұған дейін Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданына жаңа әкім тағайындалғанын хабарлаған болатынбыз.