Ақмола облысында астықты терең өңдейтін алғашқы зауыт құрылысы басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері өңір экономикасына 660 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. 

Ақмола облысында астықты терең өңдейтін алғашқы зауыт құрылысы басталды
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

— Жыл басынан бері өңір экономикасына 660 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, өткен жылмен салыстырғанда 250 млрд теңгеге көп. Бұл жаңа кәсіпорындар мен технологиялар және жұмыс орындары арқылы қамтамасыз етілген нақты өсім. Төрт индустриялық аймақтың, оның ішінде республикалық «Ақмола» аймағының құрылуы инвестиция тартудың негізгі құралы. Республикалық индустриялық аймақ инвесторлар үшін нағыз тартымды орталыққа айналып отыр. Онда жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын жобалар жинақталды. Бұл 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді, — деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті туралы есеп бере тұрып.

Одан әрі өңір басшысы астықты терең өңдейтін алғашқы зауыт құрылысының басталғанын айтты. Ол жерде 3 мыңға дейін жұмыс орны пайда болады, қазір мемлекеттік сараптамадан өту үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Бұл 1,8 млрд АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция. Оның аясында жылына 3 миллион тоннаға дейін астық өңдейтін зауыт салу жоспарланған (іске асыру кезеңі: 2025-2028 жж). Ең маңыздысы, бұл жерде түпкілікті сұранысқа ие натрий глутаматы, крахмал және минералды тыңайтқыштар өндіріледі. Одан бөлек клинкер өнімдері мен қаптама кірпіш шығаратын және пестицид пен тыңайтқыштар өндіретін зауыттардың құрылысы жоспарланып отыр, — деп толықтырды әкім.

Бұған дейін Ақмола облысында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігіне бақылау күшейтілгені туралы хабарлаған едік

Соңғы жаңалықтар