Ақмола облысында бір күнде екі қазандық жарылды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысы Аршалы ауданында бір күнде екі жарылыс болды. Жарылыстан зардап шеккен адам бар.

 Ақмола облысында бір күнде екі қазандық жарылды
Фото: ҚР ТЖМ

Аршалы ауданы әкімдігінің хабарлауынша, 10 қазан күні Жібек жолы ауылында жер үйге жапсарлас салынған аумағы 10 шаршы метр пеш үй жарылды. Оқиға салдарынан нысанның қабырғалары жарым-жартылай қираған, алайда өрт шықпаған.

— Жарылыстан 1974 жылғы азамат зардап шекті. Ол дереу Астана қаласының №1 көпбейінді облыстық ауруханасына жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Жапа шегушіге «бас терісінің зақымдалуы, мидың жабық жарақаты» диагнозы қойылған. Медициналық тексеруден кейін ол үйден ем алуға босатылды, — деп хабарлады әкімдік.

Екінші қазандықтың жарылысы осы ауылдағы «ҚазАрт» ЖШС-де болған. Зардап шеккендер жоқ.

— Жарылыс болған жерге дереу Аршалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі жеке құрамынан екі адам, бір техника және Жібек Жолы ауылының құтқарушы бөлімінен үш адам жіберілді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жедел тергеу шаралары жүріп жатыр, — деп түсіндірді ведомстводан.

Әкімдіктің мәліметінше, қазір онда ТЖ бөлімінің қызметкерлері мен Аршалы ауданының полициясы қызмет етіп жатыр. Жағдай атқарушы органдардың бақылауында тұр.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінде газ жарылысы болғанын жазған едік.

 

Камила Мүлік

 

Соңғы жаңалықтар