Ақмола облысында қалың тұманға байланысты көлік қозғалысына шектеу қойылды
АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Ақмола облысында ауа райының нашарлауына байланысты жол қозғалысына шектеу енгізілгенін хабарлады.
«Ақмола облысында көріну қашықтығының төмендеуі мен қалың тұманға байланысты барлық автокөлік түрлері үшін Астана – Көкшетау (айналып өту жолы арқылы) – Петропавл – РФ шекарасы (Жаңа жол өткізу пункті) бағытындағы республикалық маңызы бар тасжолдың 140-180 шақырымдары аралығында жылдамдық шектеуі енгізілді», – делінген компания хабарламасында.
«ҚазАвтоЖол» өкілдері жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтап, жылдамдықты төмендетуге және жолдағы ауа райы жағдайын ескеруге кеңес берді.
Қосымша ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін Call-орталықтың 1403 нөмірі арқылы алуға болады.
Бұған дейін Павлодар облысында да ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар екі бағытта қозғалыс шектелгені хабарланған болатын.