Ақмола облысында мемлекетке құны 500 млн теңгеден астам жер телімі қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM –  Ақмола облысында прокуратура құқықтық актілерді бағалау барысында жер заңнамасының бұзылуын анықтады. Бұл туралы Ақмола облысының прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Ақмола облысында мемлекетке құны 500 млн теңгеден астам жер телімі қайтарылды 
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Жер ресурстарын басқару бөлімі коммерциялық орман өсіру үшін жеке тұлғаға 36 гектар жер телімін заңсыз берген, аталған жер телімі халықтың демалысы мен сауықтыруына арналған рекреациялық аймаққа тиесілі болған, — делінген хабарламада.

Қадағалау актісі бойынша жер ресурстарын басқару департаменті сотқа жүгінді.

— Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімі бойынша жасалған келісім жарамсыз деп танылып, кадастрлық құны 567 млн теңге тұратын жер телімі рекреациялық мақсаттағы жерлер құрамына қайтарылды. Қабылданған қадағалау шаралары нәтижесінде Щучинск қаласында рекреациялық аймаққа тиесілі жерлердің құқықтық режимі қалпына келтірілді, — делінген прокуратура хабарламасында.

Жер телімінің рекреациялық қорға қайтарылуы аумақтың экологиялық теңгерімін сақтауға және оның мақсатсыз пайдаланылуына жол бермеуге мүмкіндік берді. 

Айта кетелік Қарағандыда құны 5 млрд теңгеге жуық жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды

Соңғы жаңалықтар