Ақмола облысында зардап шеккен шаруаларға қандай қолдау көрсетіледі
Ақмола облысында егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін дәнді және майлы дақылдарды кептіруге 90,5 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны және 20 мың тонна сұйытылған газ бөлінді. Бұл туралы облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және индустриялық - инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылдың тоғыз айындағы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының жұмыс қорытындылары туралы ақпаратты депутат Саят Сыздықовтың төрағалығымен аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссияның мүшелері тыңдады.
Жиында облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов шаруаларға көрсетіліп отырған қолдау туралы айтты.
«Биылғы егіс науқаны сапалы тұқымдарды пайдалана отырып, оңтайлы мерзімде өткізілді. Тыңайтқыштар енгізу, өсімдіктерді арамшөптерден қорғау, егістіктерді өңдеу бойынша агротехникалық іс-шаралардың толық кешені өткізілді. Алайда қолайсыз табиғи-климаттық жағдайлар, нормадан 2 есе төмен жауын-шашын, бүкіл вегетациялық кезеңде өте жоғары температура дәнді дақылдардың өнімділігінің төмендеуіне айтарлықтай әсер етті. Тамыздың үшінші онкүндігінде басталған ұзаққа созылған жаңбыр астықтың сапасын нашарлатып, оның жаппай көктеп кетуіне әкелді. Ауа райының жайсыздығы егін жинау жұмыстарының қарқынына да әсер етті», – деді Еркеш Әленов.
Ол атап өткендей, облыста және әр ауданда мәселелерді жедел шешу және аграршыларды қолдау үшін жұмыс топтары құрылды. Олардың құрамына жауапты қызметтердің, құқық қорғау органдарының, қаржы институттарының өкілдері, сондай-ақ мәслихат депутаттары кірді.
«Жалпы, осы жылдың 5 қазанындағы жағдай бойынша 3,5 млн га немесе 71 пайыз алқапта дәнді дақылдар бастырылды. Астықтың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында орташа өнімділігі 5,7 ц/га болған кезде 2 млн тонна жиналды. Оны қабылдауды облыстың жалпы сақтау сыйымдылығы 4,8 млн тонна болатын 72 астық қабылдау кәсіпорындары жүзеге асырады. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында көлемі 2,4 млн тонна астық қоймалары бар. Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 1 литрге 250 теңге бағамен 90,5 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Дәнді және майлы дақылдарды кептіруге 20 мың тонна сұйытылған газ бөлінді. Президенттің тапсырмасын орындау үшін облыстың зардап шеккен фермерлеріне қаржылық және өзге де қолдау көрсетілетін болады», – деп толықтырды басқарма басшысының орынбасары.
Сонымен бірге, жиында мал шаруашылығын дамыту, жеңілдетілген кредит беру арқылы ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл Аманаты» бағдарламасын іске асыру және жайылым тапшылығы мәселесі де сөз болды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында аптап ыстық пен жаңбыр астық шығымына кері әсер еткені туралы жазған едік.