Ақмола облысында жол жөндеуге бөлінген 78 млн теңге жымқырылған

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысы Бұланды ауданының прокуратурасы Никольское ауылындағы жолдарды жөндеуге бөлінген бюджет қаражатының жымқырылғанын анықтады. Келтірілген шығын 78 млн теңге деп бағаланып отыр.

Ақмола облысында жол жөндеуге бөлінген 78 млн теңге жымқырылған
Фото: Kazinform

Прокуратура мәліметінше, 2023 жылы ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мердігер ұйыммен Никольское ауылындағы ұзындығы 5,4 шақырым ауыл ішіндегі жолдарды орташа жөндеуге 167,8 млн теңгеге шарт жасасқан.

Шарттың мерзімі 2024 жылғы желтоқсанда аяқталған. Осы уақыт ішінде бюджеттен 103 млн теңге жұмсалған.

Алайда тексеру барысында 78 млн теңгенің жұмысы орындалмағаны анықталды. Тергеу мәліметінше, бұл қаражат жол жөндеуге қатысы жоқ мақсаттарға жұмсалған.

Осы факті бойынша ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым басшыларына қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қылмыстық іс Ақмола облысының арнайы прокурорларының өндірісіне берілді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында аурухананың бас есепшісі 32 млн теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін сотталғанын хабарлаған едік.