Ақмола облысының орман өрті қаупі бар маусымға дайындығы мәз емес

өрт сөндіру техникасы
Фото: Ақмола облысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысының мемлекеттік орман қорының аумағы 1 млн гектардан астам болса, оның 517 мың гектары орманды алқап. Осындай үлкен аумақта өртке қарсы іс-шараларды, өртпен күресті орман шаруашылығының 23 коммуналдық мемлекеттік мекемесі атқарады.

Бүгінгі таңда өңірдің жазғы маусымдағы орман өртіне дайындығы көңіл көншітпейді. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен өрт қаупі бар кезеңге дайындық жөніндегі кеңесте ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндаған болатын.

Оның сөзінше, үш облыс пен «Семей орманы» резерваты ықтимал орман өртіне дайын емес. Соның арасында Ақмола облысы да бар.

ескі техника
Фото: Ақмола облысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Осыған байланысты, Kazinform тілшісі Ақмола облысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан осы мәселе бойынша нақтылап білді. 

Ведомствоның мәліметінше, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2024 жылғы 29 қаңтардағы № 27-4/18-нк «2023 жылғы өрт қауіпті маусымның қорытындылары және 2024 жылғы өрт қауіпті маусымға дайындық жөніндегі міндеттер туралы» бұйрығына сәйкес, инспекция мамандары биылғы жылдың 18-29 наурызынан бастап 22 мемлекеттік орман шаруашылығына тексеріс жүргізген.

Соның қорытындысы бойынша бірқатар орман шаруашылықтарында өрт қауіпсіздігі қағидалары талаптарының бұзылуы анықталды, жол берілген бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 904 540 теңгеге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 367-бабының 1 және 3-бөлігі бойынша айыппұл түрінде 9 лауазымды адам әкімшілік жазаға тартылған.

ескі станция
Фото: Ақмола облысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Оның ішінде «Кіші-Түкті», «Отрадное» орман шаруашылықтарының басшысы міндетін атқарушы 2 тұлға және «Республикалық селекциялық – тұқым өсіру орталығы» РМҚК Солтүстік өңір филиалының 1 директоры, «Ұрымқай», «Куйбышевский», «Ақкөл», «Красноборский» орман шаруашылықтары мен «Бурабай» МҰТП, «Жасыл Аймақ» РМК-дан барлығы 6 лауазымды тұлға бар.

«Анықталған бұзушылықтардың қорытындысы бойынша кемшіліктерді жою үшін орман шаруашылықтары иелеріне міндетті нұсқамалар берілді. Олардың белгіленген мерзімде орындалуы шарт», - дейді Ақмола облысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов.

көпшігі бар техника
Фото: Ақмола облысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Айтуынша, мемлекеттік орман шаруашылықтарында өртке қарсы қызмет барлық жерде «Мемлекеттік орман иеленушінің орман өрт станциясы туралы ережені бекіту туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 18-02/54 бұйрығына (бұдан әрі – ЖПҚ туралы Ереже) сәйкес келтірілмеген. 

гараж
Фото: Ақмола облысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Облыс әкімдігінің бірде-бір орман шаруашылығы мекемесінде жыл бойы жұмыс істейтін орман өрт сөндіру станциялары жоқ, оның орнына әкімдіктің мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелерінде орман өрт сөндіру станциялары ретінде құжатталған 1 және 2 типті өрт-химиялық станциясы ретінде жұмыс істейді, алайда олар орман өрті станциясы туралы ереженің талаптарына сәйкес келмейді. Ал «Бұқпа» және «Барап» орман шаруашылығы, «Республикалық селекциялық – тұқым өсіру орталығы» РМҚК Солтүстік өңір филиалында өрт химиялық және орман өрті станциялары мүлдем жоқ.

Тексеріс қорытындылары Ақмола облысы әкімдігінің басшылығына және ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жолданған.

«Өңірде орман өртіне қарсы дайындық жұмыстары аяқталды. Жергілікті орманшылар қолда бар техника мен құрал-саймандарын сайлап қойғанымен, кейбір орман шаруашылықтарында техника жетіспейді. Орман шаруашылықтарының техникалық базасын нығайту өзекті мәселенің бірі. Былтыр бұл салаға 470 млн теңге бөлінген. Ондаған өрт сөндіру көлігі мен патрульдік кешендер сатып алынды. Ал биыл техникалық паркті жаңартуға 100 миллионға теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр», - деп түйіндеді ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар