Ақмола облысында ең үздік жергілікті полиция қызметкерлері анықталды (ФОТО)

Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Қазақстан полициясы күні Ақмола облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінде бірінші рет «Мамандық бойынша ең үздік» байқауы ұйымдастырылды. Оған жергілікті полиция қызметінің 30 қызметкері қатысып, 100 және 1000 метр қашықтыққа жүгіру, табельдік қарудан нысана көздеу, кермеге тартылу және құқық қорғау қызметі туралы заңды білу жағынан сынға түсті.
Байқауда барлық қатысушы өзінің кәсіби біліктілігін көрсете білді. Сайыс қорытындысына сай Степногор ІІБ ЖПҚ полиция капитаны Бота Садырбаев ең үздік учаскелік инспектор атанса, «жасөспірімдер ісі бойынша ең үздік учаскелік инспектор» аталымы Целиноград аудандық ІІБ полиция лейтенанты Ерік Асанбаевқа және «ең үздік қатардағы бөлімше полицейі» аталымы Көкшетау қалалық ІІБ полиция сержанты Рүстем Ахметовке бұйырды.
Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтар және арнайы кубокпен марапатталды.