13:15, 08 Желтоқсан 2014 | GMT +5
Ақмола облысында күйеуін 200 мың теңгеге тапсырыспен өлтіртпек болған әйел ұсталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында тапсырыс бойынша кісі өлтіруді ұйымдастырмақ болған азаматша ұсталды.
Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Полицейлердің мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың 5 желтоқсан күні ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқармасының қызметкерлері 59 жастағы күйеуін тапсырыс бойынша өлтіртпек болған Көкшетау қаласының 1959 жылғы тұрғынын қолға түсірген. Кейін белгілі болғандай, тапсырыс беруші әйел күйеуінің өмірін 200 мың теңгеге бағалаған. Сонымен қатар, ол орындаушыдан күйеуінің өлгенін дәлелдейтін фотосурет талап еткен.
Қазіргі кезде, тапсырыс бойынша күйеуін өлтіруді ұйымдастырмақ болған әйел уақытша ұстау изоляторына қамалып, дәйектер тәркіленді. Сонымен қатар, күдіктінің үстінен ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлімі және 96-бабының 2-бөлімі бойынша (тапсырыс бойынша кісі өлтіру) қылмыстық іс қозғалды.