Ақпан айында Ақтөбеде 2-3 есе көп қар жауды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақпан айында Ақтөбеде әдеттегіден 2-3 есе көп қар жауып, коммуналдық мекеме үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Синоптиктер 2 наурызға дейін болжам жасап, әлі де жауын-шашынды болатынын айтып отыр.

Ақтөбе облысында коммуналдық мекеме қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр.
- Қазір 350-ден астам арнайы техника, 300-ден астам жұмысшы қаланы қардан тазалап жатыр. Ең алдымен орталық көшелер мен аурухана, мектепке барар жол, қоғамдық көлік қатынасына жағдай жасалды. Сонымен бірге тұрғын алаптарда жұмыс істеліп жатыр, - деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Әділбек Ахмет.

Синоптиктердің болжамы бойынша 25-28 ақпан күндері аралығында түнде қар жауады. Кей жерлерде боран болады.
- Бірнеше циклон өтті. Алдымен күн жылып, кейін күрт салқындап кетті. Әлі де циклон жалғасады. Облыста, аудандарда қар жауады. Облыстың оңтүстік-шығысы, шығысындағы Ырғыз, Әйтеке би аудандарында, ертең солтүстік аудандарда қар жауады деп болжап отырмыз. Болжам бойынша 2 наурызға дейін қар жауады. Ақтөбе қаласы емес, облыста. Наурызда да жауын-шашын нормадан көп болады. Дегенмен наурызда күн жылынады. Жылыну екінші онкүндіктен басталады, - деді «Қазгидромет» РМК Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айгүл Саимова.

Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 21-23 ақпан аралығында республикалық және облыстық маңыздағы жолдарда ТЖД және 20982 әскери бөлімінің қызметкерлері 31 авариялық-құтқару, 4 іздестіру-құтқару жұмыстарын істеді. Нәтижесінде 28 адам құтқарылып, 63 адам эвакуацияланды. Барлығы 14 жүк және 21 жеңіл автокөлік қар құрсауынан шығарылды. Ақтөбе қаласы және Алға, Әйтеке би, Байғанин, Мұғалжар, Темір, Қобда, Хромтау аудандарында 12 жылыту пункі іске қосылып, азаматтар азық-түлікпен қамтамасыз етілді.

- Ойыл ауданы Көсембай ауылында аяғы ауыр келіншектің толғағы келіп, Саралжын ауылына жеткізілді. Кейін Ойыл аудандық перзентханасына әкелді. Ал Мәртөк ауданында демікпе дертіне шалдыққан бала ауруханаға жеткізілді, - деді Ақтөбе облыстық ТЖД басқарма басшысы Аслан Арзымбетов.


Еске салсақ, Ақтөбе қаласы мен 6 ауданда төтенше жағдай режимі әлі сақтаулы. Қазіргі кезде облыс биылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындалып жатыр.