ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдеме жасады
ШОЛПАН-АТА. KAZINFORM – Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Жиынға ҰҚШҰ-ға мүше Қазақстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан өкілдері келді.

Шағын және кеңейтілген форматтағы кездесулерде сыртқы істер министрлері халықаралық және өңірлік жағдай жөнінде, оның ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне әсері туралы пікір алмасты.
− Делегация басшылары Орталық Азия мен жалпы өңірдегі қауіпсіздікке қатысты негізгі мәселелерді талқылады. Терроризммен, экстремизммен және трансұлттық қылмыспен күрес мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Бұл қазір әлемдегі басты қауіп-қатердің бірі болып отыр. Осыған орай, іс-қимылды жеделдетіп әрі тиімділігін арттыру үшін күш-жігерді әрі қарай үйлестіру жөнінде шешімдер қабылданды, − деді Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Құлубаев БАҚ-қа мәлімдемесінде.

Сонымен бірге, отырыс қорытындысы бойынша төрт бірлескен мәлімдеме қабылданды:
• терроризм мен экстремизмге алып келетін радикалдануға қарсы іс-қимыл туралы;
• халықаралық ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөнінде;
• Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы;
• Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты.
− Аймақаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Қазір қауіпсіздікке төнетін қатерлер шекарамен шектелмейді. Сондықтан тиімді әрекет ету үшін ҰҚШҰ аясындағы үйлестірілген іс-қимылдармен қатар басқа аймақтық және халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастық қажет. Қырғыз Республикасы ҰҚШҰ негіз еткен ұжымдық қауіпсіздік пен ынтымақтастық принциптеріне берік екенін растайды. Біз тәжірибе алмасуды, бірлескен жаттығулар өткізуді, сондай-ақ басқа халықаралық және өңірлік ұйымдармен әріптестікті кеңейтіп, практикалық ынтымақтастықты тереңдетуді қолдаймыз, − деді Қырғызстан министрі.
Осы орайда, ҰҚШҰ, ШЫҰ және ТМД арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасы қабылданды.
− Халықаралық ахуал тұрақсыз кезеңде ұжымдық қауіпсіздік мәселелері тек басымдық емес, ҰҚШҰ-ға мүше барлық мемлекеттер үшін стратегиялық міндет (императив) болып отыр. Өңірде және жалпы әлемде болып жатқан соңғы оқиғалар қауіпсіздік пен тұрақтылықтың түрлі аспектілеріне қатысты келісілген ұстанымдар қалыптастыру қажеттігін айқындай түсті. Бүгін қол жеткізілген уағдаластықтар өңірдегі интеграциялық процестерді тереңдету мен ұжымдық қауіпсіздікті арттыруға берік негіз боларына сенімдіміз, − деді Жээнбек Құлубеков.

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу отырыс қатысушыларын ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастық мәселелеріне қатысты Қазақстанның ұстанымы мен көзқарастары туралы хабардар етіп, ұйымды жан-жақты әрі одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстарын айтты.
Айта кетейік, 2025 жылы ұйымға Қырғызстан төрағалық етеді. Келесі Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы 2025 жылдың төртінші тоқсанында, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының қарсаңында Бішкек қаласында өтетін болды.
Еске сала кетсек, мамыр айында ҰҚШҰ парламентшілері Бішкекте бас қосып, есірткі және киберқылмысқа қарсы бірлескен шараларды талқылаған еді.