АҚШ 2008 жылдан бері алғаш рет Боливияға елшісін жібереді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ билігі Боливиямен 2008 жылы үзілген дипломатиялық қарым-қатынасты елшілік деңгейінде қалпына келтіруге ниетті, деп хабарлайды Report.
Бұл туралы Оңтүстік Америка елінің жаңа президенті Родриго Пастың инаугурациясына Ла-Пасқа келген АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландау хабарлады.
— Біз қарым-қатынасты елшілік деңгейінде қалпына келтіреміз. Мен бұл өте маңызды қадам деп санаймын және жақын арада елшілерді тағайындай аламыз деп үміттенемін», — деп келтіреді басылым Ландаудың сөзін.
2008 жылы Боливияның сол кездегі президенті Эво Моралес АҚШ елшісі Филип Голдбергті оппозицияны қаржыландырды және тәртіпсіздікті қолдады деп айыптады. Көп ұзамай АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буштың әкімшілігі Боливия елшісін Вашингтоннан шығарып жіберді. Ол Боливияны есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі халықаралық міндеттемелерін елемейтін ел деп атады.
Родриго Пас 8 қарашада Боливияның президенті қызметіне кірісті. Сайлау науқаны кезінде ол елдің әлеммен байланысын нығайту қажеттігін айтып, АҚШ-пен қарым-қатынасты қалпына келтіру және аймақтық ынтымақтастықты дамыту қажеттігін ерекше атап өтті.
Айта кетейік, Боливиядағы президент сайлауының екінші кезеңінде сенатор Родриго Пас 97,53% дауыс жинап, жеңіске жеткен болатын.