АҚШ 2027 жылдан бастап ЮНЕСКО-дан ресми түрде шығады
ВАШИНГТОН. KAZINFORM — АҚШ 2026 жылғы 31 желтоқсаннан бастап ЮНЕСКО-ның толыққанды мүшесі мәртебесінен айырылады, деп хабарлайды ТАСС.

— Бүгін АҚШ ЮНЕСКО Бас директоры Одре Азулеге Америка Құрама Штаттарының ЮНЕСКО-дан шығу туралы шешімін ресми түрде хабарлады. ЮНЕСКО-ға мүше болып қала беру АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне сай келмейді, — делінген Мемлекеттік департамент таратқан мәлімдемеде.
Құжатта халықаралық ұйым «ғаламдық және идеологиялық күн тәртібін» ұстанып отырғаны атап өтілген, ал бұл Вашингтонның «Әуелі Америка» саясатына қайшы келеді.
Сондай-ақ, Мемдепартамент мәлімдемесінде ЮНЕСКО-ның «Палестина мемлекетін» толыққанды мүше ретінде қабылдауы — АҚШ-тың саясатына мүлдем қайшы келетін шешім екені айтылып, бұл ұйым аясында Израильге қарсы риториканың кең таралуына ықпал етіп жатқаны алға тартылған.
АҚШ пен ЮНЕСКО арасындағы қатынас
4 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп елдің БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінен және Палестина босқындарына көмек көрсету мен оларды жұмыспен қамту жөніндегі БҰҰ агенттігінен (БАПОР) шығу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Ол БҰҰ қызметін өткір сынға алып, ұйымның «орасан зор әлеуетке ие бола тұра, оны көптен бері іске асыра алмай отырғанын» мәлімдеген.
Сонымен қатар Трамп жарлықта АҚШ пен ЮНЕСКО арасындағы әріптестікті қайта қарап, ұйымның Америка мүдделеріне қаншалықты сай әрекет ететінін тексеруді тапсырған.
Айта кетейік, АҚШ ЮНЕСКО-дан алғаш рет шығып отырған жоқ: 1984 жылы президент Рональд Рейган әкімшілігі бұл ұйымнан «ЮНЕСКО-ның шамадан тыс саясаттандырылғаны және бюджетті бейберекет жұмсауы» себепті шыққан болатын. Кейін АҚШ 2003 жылы қайта оралды.
2018 жылы Трамп бірінші президенттік мерзімінде ЮНЕСКО-дан тағы да шықты. Бұл жолы АҚШ «ұйым алдындағы қарыздардың өсуі, құрылымдық реформалардың қажеттілігі және Израильге қатысты ұстанымдағы әділетсіздік» себепті мүшелігін тоқтатты. Ал 2023 жылы АҚШ ұйым құрамына қайта қосылған болатын.
Бұған дейін Ақ үй Wall Street Journal-ды Трамптың баспасөз пулынан алып тастағанын жаздық.