АҚШ «Азаттық радиосын» ауыздықтай ма?

АҚШ-та мемлекет қаржыландыратын құрылымдарды бақылау күшеюде. Бірнеше апта бұрын USAID агенттігіне қатысты дау туындаса, ендігі кезек медиакорпорацияларға келген секілді. Күні кеше америкалық миллиардер Илон Маск «Азаттық радиосы» мен «Voice America» медиа ресурстарын жабуды ұсынып, тағы әлем назарын аударды. 

Азаттық радиосы
Коллаж: Kazinform

Осы орайда Kazinform тілшісі «Азаттық радиосының» даму бағдарына шолу жасап көрген болатын.

«Солшылдық» – даудың басы ма?

Бұл келеңсіздіктің үдеу кезеңіне көз жүгіртсек, Ұлттық барлаудың бұрынғы директоры Ричард Гренелге тірелеміз. Ол X әлеуметтік желісінде жазба қалдырып, қос басылымды «солшылдар» ордасы деген ой айтқан болатын. Тіпті америкалық салық төлеушілер қаржыландыратын ақпарат құралдары мемлекеттің меншігі екенін меңзегені бар. Алайда экс-директор сөзін растайтын ешбір деректі мысалға келтірмеген. Тек бүгін «Азаттық радиосы» тілшісінің Дональд Трамптың беделін түсіруге оқталғанын үстей түсіпті.

Медиа ресурстармен ондаған жыл жұмыс істегенін алға тартқандықтан, Гренелдің сөзі өтімді шықты. Олай дейтініміз, АҚШ-тың мемлекеттік басқарудың тиімділігі жөніндегі департаментін (DOGE) басқаратын Илон Маск Ричард Гренелдің жазбасын бөліскен. Пікір ретінде «Азаттық радиосы» мен «Voice America» салық төлеушілердің қаражатын босқа жұмсап отыр деп айтыптады. Қазір медиакорпорациялардың бұрынғыдай оқырманы жоғын әрі қаржыландыруды тоқтату керек деп кесіп айтқан.

«Бұл жай ғана өз-өзімен сөйлесіп отырған радикалды солшыл есалаңдар, олар жылына 1 миллиард доллар салық төлеушілердің ақшасын жұмсап отыр», – деп жазды Илон Маск X әлеуметтік желісінде.

Мұны түрліше тәпсірлеуге болатындай. Миллиардердің риторикасындағы «солшылдарға» қатысты агрессия таңсық емес. Маск билікке келмей тұрып бұл идеологияға қас. Сұхбат, жиында тақырып төңірегінде сөз болса, батыл айтатын әдетіне ет үйренген. Тіпті өткен жылы АҚШ-тағы дәстүрлі медианың көбіне «солшылдардың сойылын соқты» деп айдар таққаны есте.

«NYT (The New York Times газеті - ред.) – солшылдардың үгіт-насихат машинасы. WSJ-ті (The Wall Street Journal газеті – ред.) Руперт Мердок емес, солшылдардың журналистер кәсіподағы бақылап отырғандай. Бұл барлық дерлік жаңалық таратушы дәстүрлі ұйымға қатысты», – деген болатын.

Неліктен? Себебі саяси ұстанымда, мүдделер көзқарасында жатыр. Дональд Трамп – республика партиясының өкілі, «оңшылдар» санатында. Илон Маск АҚШ президентінің сайлауалды командасында болды, кейін ресми биліктің әкімшілік құрамында. Демек, оның бітіспес қарсылас саналатын «солшылдарға» сын тағуы, кез келген теріс үрдістің себебін солардан көруі түсінікті. Алайда келешек шешімдер де осы ұстаным төңірегінде шешіле ме, ол жағы белгісіз.

Әзірге анығы, екі медиа ресурс – «Азаттық радиосы» мен «Voice America»-ны АҚШ үкіметі қаржыландырады. Ондағы идеологиялық бағыт та АҚШ-тың жаһандық БАҚ агенттігінің бақылауында.

«Азаттық радиосы»: Түркістаннан тәуелсіздікке дейін

Реті келгенде Қазақстанда кең танымал «Азаттық радиосының» қалыптасу бағыты мен ұстанымына қатысты ашық дереккөздегі мәліметтерге назар салып көрейік. Әлем ұйымды «Азат Еуропа Радиосы/Азаттық радиосы» (ағыл. Radio Free Europe/Radio Liberty, RFE/RL) деген атаумен таниды. 1948 жылы КСРО билігінің Еуропадағы ықпалымен күрес мақсатында жұмысын бастаған. Алдымен Болгария, Чехословакия, Венгрия, Польша, Румынияда хабар таратса, кейін қатарға Литва, Латвия, Эстония қосылды.

Кто и как финансирует «Радио Свобода» и «Голос Америки»
Фото: about.rferl.org

 

Ал 1953 жылдан бастап Кавказ және Орталық Азияға ойысты – қазақ, қырғыз, тәжік, өзбек, түркімен тілдерінде жаңалық тарату кезеңі де осы тұс. Яғни, 1953 жылы 18 наурызда редактор Мәулікеш Қайболды бастаған Түркістан редакциясы тұрақты жұмыс істей бастады. 1967 жылы Түркістан редакциясы қос қанатқа бөлініп («Оңтүстік Түркістан» және «Солтүстік Түркістан»), «Солтүстік Түркістан» редакциясы қазақ, қырғыз, ұйғыр тілдерінде хабар тарату міндетін алды.

Кейін де редакциядағы құрылым бірнеше мәрте жаңғырды. Бастапқыда «Түркістан-1», «Түркістан-2», «Түркістан-3» редакцияларына жіктелгенін байқаймыз. Соңғысы қазақ тілінде хабар таратып, 1975 жылы қазақ тіліндегі жеке редакция болып енші алды. 1988-1995 жылдары редакцияға белгілі журналист Хасен Оралтай басшылық жасап, қазақстандық бөлімге Қиял Сабдалин жетекшілік еткен.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ қарқынды жұмыс істеді. 1993 жылы Алматы қаласында «Азаттық радиосының» бюросы ашылды. Алматы бюросы «Азат Еуропа Радиосы/Азаттық радиосы» ұйымының Орталық Азиядағы алғашқы өкілдігі атанды. Сол сәтте Алматы бюросының жетекшісі әрі «Азаттық радиосының» елдегі алғашқы тілшісі Қиял Сабдалиннің өзі эфирден хабар таратуды бастап берген болатын.

Соңғы мәліметіне сенсек, бүгінде ұйымның 20-дан аса бюросы бар, радио түрлі форматта әлемнің 27 тілінде 30 елге хабар таратады. Радио бюджеті 2023 жылы – 146 млн 600 мың АҚШ доллары, өткен жылы – 142,2 млн АҚШ доллары көлемінде бекітілген.

Кто и как финансирует «Радио Свобода» и «Голос Америки»
Фото: FY 2025 Congressional Budget Justification

 

Жалпы «Азаттық радиосы» өзін бейтарап позиция ұстанатын БАҚ деп көрсетеді. Медиа ресурс сайтындағы мәліметте ішкі-сыртқы саясат, журналистік этика туралы көзқарас нақты белгіленгенін көруге болады.

«Кез-келген ақпарат деректердің шеңберінде /контексінде/ берілуі керек, оқиғалар мен талқыланып жатқан мәселелерді бұрмалауға болмайды.

Журналистер талқыланып жатқан мәселелерге қатысты қарсы немесе өзгеше пікірлерді нақты және таразыланған тең жағдайда көрсетуі керек. Егер әлдебір топтың, не жеке тұлғалардың пікірлері хабар балансын сақтау үшін маңызды болса, бірақ олар пікір білдіруден бас тартса – ол туралы репортажда, мақалада айтып өткен жөн.

Азаттық радиосы – билеуші немесе оппозициялық саяси партиялардан, эмигрант қауымдастықтарынан, коммерциялық және басқа да сипаттағы ұйымдардан, хабар тарату аймағындағы не одан тыс жерлердегі діни ұйымдардан тәуелсіз радио. Азаттық радиосы ешбір саяси, экономикалық немесе діни ұстанымды қолдамайды, олардың мүддесіне насихат жүргізбейді, – делінген «Азаттық» сайтында.

Айта кетейік, «Азаттық радиосының» ресми сайтында бас кеңсені Чехияның Прага қаласында орналасқан деп көрсеткен. Халықаралық мекенжай ретінде де Прагадағы Vinohradska 159A адресі белгіленіпті.

Соңғы жаңалықтар