АҚШ Демократиялық партиясының өкілдері «роботтарға салық» енгізуді талап етті

АСТАНА.KAZINFORM — Демократтар компаниялар адамдарды технологиялармен алмастырып жатқандықтан, «роботтарға салық» енгізуді талап етіп отыр. Өйткені жасанды интеллект (ЖИ) АҚШ-та 100 миллионға дейін жұмыс орнын алмастыруы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі FOX Business-ке сілтеме жасап.

АҚШ Демократиялық партиясының өкілдері «роботтарға салық» енгізуді талап етті
Фото: eventreks.com

Талдау Денсаулық сақтау, білім беру, еңбек және зейнетақы мәселелері жөніндегі Сенат комитетінің өкілдерімен жүргізілген, баяндаманы Вермонт штатынан сенатор Берни Сандерс дайындаған.

Экономиканың 20 негізгі саласы зерттеліп, оның 15-інде жұмыс орындарының жартысынан көбі ЖИ немесе робототехника жүйелерімен алмастырылуы мүмкін екені анықталған.

Есепке сәйкес, ең көп зардап шегетіндер — фастфуд қызметкерлері мен сатушылар. Бұл салада 3 миллионға жуық жұмыс орны жойылады, бұл саладағы қызметкерлердің шамамен 89%-ын құрайды.

Жоғары қауіп төнген басқа салаларға клиенттерге қызмет көрсету, жүк тасымалдау және кеңсе көмекшілері жатады. Болжам бойынша, бұл салалардағы автоматтандыру деңгейі 80%-дан асады.

Баяндамада негізгі ұсыныстардың бірі – роботтарға салық салу. Яғни, компаниялар әрбір адамды машинамен, технологиямен немесе алгоритммен алмастырғаны үшін арнайы төлем төлеуі тиіс.

Бұл қаражат жалақыдан алынатын салықтардың орнын толтыруға және жұмыстан шығарылған қызметкерлерді қайта даярлау бағдарламаларын қолдауға бағытталады.

Microsoft негізін қалаушысы Билл Гейтс те ұқсас пікір білдіріп, автоматтандырудан пайда көріп отырған компаниялар экономикалық қиындықтарды жұмсарту үшін «әділ үлес» төлеуі керек деп мәлімдеген.

Бұған дейін Figure AI компаниясы бір күні адамдардың орнын басуы мүмкін гуманоид роботтарды жасап шығарғаны хабарланған болатын. Бұл роботтар негізгі тапсырмаларды орындай алады.

Айта кетейік, Қытайда жасанды интеллектпен айналысатын 5 300-ден астам компания бар.

Соңғы жаңалықтар