АҚШ-Қытай сауда келіссөзінің алғашқы күні қалай өтті

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-Қытай сауда келіссөзі аясындағы алғашқы кездесу 10 мамыр күні Женевада өтті. Келіссөз жексенбі күні жалғасады деп жоспарланған. Бұл туралы Lianhe Zaobao басылымы хабарлады.

АҚШ-Қытай сауда келіссөзінің алғашқы күні қалай өтті
Фото: zaobao.com

Белгілі болғандай, АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент пен сауда өкілі Джеймисон Грир сенбі күні Женева қаласында Қытай Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хэ Лифэнмен жабық есік жағдайында кездесу өткізді. Келіссөз ресми Вашингтонның Қытай тауарларына аса жоғары баж салығын енгізуінен туындаған шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған. Осылайша, тараптар арасында тариф мәселесі бойынша ресми диалог қайта басталды.

Келіссөз Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің жанындағы Швейцария өкілдігінің резиденциясында, нақтырақ айтқанда, Женева көлінің сол жағалауында орналасқан қарапайым виллада өтті. Тараптар кездесудің егжей-тегжейі жайлы ешқандай мәлімет бермеді.

Reuters агенттігінің  хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні Truth Social әлеуметтік желісінде «Бұл — толықтай қайта басталған келіссөз. Келіссөз достық райда әрі мазмұнды өтті… Бүгін Қытаймен Швейцарияда өте жақсы кездесу өткіздік. Көптеген мәселе талқыланды, бірқатар ортақ пікірге қол жеткіздік», деп жазған.

Lianhe Zaobao-ның жазуынша, жыл басынан бері АҚШ президенті Дональд Трамп бірқатар тарифтік шаралар енгізіп, Қытайға қарсы баж салығының жалпы мөлшерін 145%-ға дейін жеткізді. Кейбір өнімдерге қатысты жалпы тариф мөлшері тіпті 245%-дан асып кетті. Бұған жауап ретінде Қытай АҚШ тауарларына 125%-ға дейін қарымта тарифтер енгізді, нәтижесінде екіжақты сауда тоқырап қалды.

10 мамырда Трамп әлеуметтік желі арқылы «Қытайға 80% мөлшерінде баж салығын енгізу орынды болар еді» деп мәлімдеп, тариф мөлшерін төмендетуді қарастыруы мүмкін екенін меңзеді. Ізінше АҚШ сауда министрі Лутник БАҚ өкілдеріне Трамптың «Қытаймен шешімге келуді» және «шиеленісті бәсеңдетуді» қалайтынын айтты.

Алайда Ақ үйдің баспасөз хатшысы Левитт АҚШ-тың тарифтерді біржақты төмендетпейтінін, Қытайдың да тиісті қадамдар жасауы қажет екенін ескертті.

Сарапшылардың пікірінше, кедендік салық 80%-ға дейін төмендетілгеннің өзінде, бұл кәсіпорындардың көпшілігі үшін «өте жоғары» болып қала береді, сондықтан тарифтерді төмендету символикалық қадам ретінде қарастырылуы мүмкін.

Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) аға кеңесшісі Билл Рейнш қазіргі уақытта Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың ширығып тұрғанын айтады.

— Біздің бір-бірімізге енгізген тарифтеріміз өзара сауданы тоқтатып тастайтындай деңгейге жетті, екіжақты қатынас нашарлап барады. Ал осындайда келіссөзге оралу — жақсылықтың белгісі, — деді ол.

Қытай-Еуропа халықаралық бизнес институтының профессоры Сюй Бин келіссөздің басты мәні қос тараптың өзара байланысты сақтауға пейілді екенін көрсетуінде дейді. Оның айтуынша, «Қытай — Трамптың тариф саясатына тең деңгейде қарымта қайтарған жалғыз ел».

Бессент бұған дейін келіссөздің басты мақсаты «жан-жақты сауда келісіміне» қол жеткізу емес, «жағдайды бәсеңдету» екенін мәлімдеген. Ал Қытай тарапы АҚШ-тан тарифтерді алдымен алып тастауды талап етіп, ұлттық мүддені қорғауға тас-түйін дайын екенін мәлімдеген болатын.

Бұған дейін тараптардың «сауда соғысын» бәсеңдету жөнінде келіссөзді бастағанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар