АҚШ Мадуроға қарсы ақпарат үшін екі есе сыйақы ұсынады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ билігі Венесуэла президенті Николас Мадуроны тұтқынға алуға септігін тигізетін ақпарат үшін сыйақы көлемін екі есе арттырды, деп хабарлайды BBC.

Вашингтон оның сайлаудағы жеңісін мойындамады, ал АҚШ билігі бұған дейін Мадуроны есірткі саудасы үшін айыптаған болатын.
— Әділет министрлігі мен Мемлекеттік департамент Николас Мадуроны қамауға алуға септігін тигізетін ақпарат үшін 50 миллион доллар сыйақы жариялайды, деп мәлімдеді АҚШ бас прокуроры Пэм Бонди. — Ол әлемдегі ең ірі есірткі саудагерлерінің бірі және ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді.
Каракас АҚШ билігінің соңғы қадамын «аянышты әрі күлкілі» деп атады.
— Отанымыздың абыройы сатылмайды. Біз бұл өрескел саяси үгіт-насихат операциясын қабылдамаймыз, — деп жазды Венесуэла Сыртқы істер министрі Иван Хиль Пинто Telegram желісінде.
Бұрынғы 25 миллион доллар көлеміндегі сыйақы қаңтар айында белгіленген болатын, деп жазады AFP.
Бұған дейін Аргентина соты Венесуэла басшысы Мадуроны қамауға алуға ордер бергенін хабарлаған едік.