АҚШ Нигерияда ДАИШ содырларына соққы берді – Трамптың мәлімдемесі
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ әскери күштері Нигерия аумағында «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының (ДАИШ – Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйым – ред.) содырларына соққы жасады. Бұл туралы ТАСС жазды.
Бұл жөнінде АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді. Оның айтуынша, операция оның тікелей бұйрығымен жүргізілген және елдің солтүстік-батыс бөлігінде негізінен христиан дінін ұстанатын бейбіт тұрғындарды өлтіріп келген террористерге «қуатты әрі жойқын соққы» жасалған.
— Бүгін кешке АҚШ Қарулы күштерінің бас қолбасшысы ретінде менің бұйрығыммен Нигерияның солтүстік-батысында негізінен кінәсіз христиандарды соңғы көптеген жылдарда, тіпті ғасырлар бойы болмаған ауқымда аса қатыгездікпен өлтірген ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) содырларының арамзаларына қуатты әрі өлімге әкелетін соққы жасалды. Бұған дейін мен бұл террористерге христиандарды өлтіруді тоқтатпаса, ауыр жазаға тартылатынын ескерткен едім, міне, бүгін кешке сол ескерту іске асты, — деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.
Пентагон басшысы Пит Хегсет Нигерия билігіне ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, «операцияларды жалғастыру мүмкін» екенін айтты, алайда егжей-тегжейін ашпады. АҚШ Қарулы күштерінің Африка қолбасшылығы (AFRICOM) шабуылдың «Нигерия билігінің өтініші бойынша» жүзеге асырылғанын және оның нәтижесінде ДАИШ-тың (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) бірнеше содыры жойылғанын растады.
Бұған дейін, 1 қарашада, Трамп Пентагонға Нигериядағы христиандарды исламшыл террористерден қорғау шараларын әзірлеуді тапсырған еді. Ал Нигерия билігі діни төзімсіздік жөніндегі айыптауларды жоққа шығарып, елде барлық азаматтар үшін діни сенім бостандығын қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Еске салайық, АҚШ Мемлекеттік департаменті 29 елдегі АҚШ елшілеріне олардың өкілеттіктерінің аяқталғаны туралы хат жолдаған. Бұл дипломаттардың басым бөлігі Джо Байденнің президенттігі кезеңінде тағайындалған.